Экономика

Қазақстанда цифрлық теңге қашан айналымға шығады

Парламент цифрлық төлемнің жаңа түріне қатысты заң жобасын әзірлеуді бастады. Ал ұлттық банк бұл жұмысты 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін шегерді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда цифрлық теңгені енгізуге арналған заң дайындалып жатыр. 2022 жылы 1 шілдеден бастап бұл жұмыс қайтадан қолға алынады.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында вице-спикер Павел Казанцев цифрлық теңгені енгізу мәселесін көтерді.
"Біз осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Парламент депутаттары цифрлық активтерге қатысты заң жобасын әзірлеуге кірісті. Сол себепті цифрлық валютаны құқықтық реттеу бойынша құзіретті мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, қолдау жасауға әзірміз", - деді Казанцев.
Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық теңгені енгізудің нәтижесінде барлық операция мен транзакцияны бақылап, ақшаның қайда жұмсалып жатқанын көруге болады. Осылайша жемқорлықты жоюға мүмкіндік бар. Қаржы жүйесі де барынша ашық болады. 
Ал ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов өткен жылы цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жоба қолға алынғанын еске салды. Оның қорытындысы банктің ресми сайтында жарияланды.
"Сол жерде цифрлық теңгенің енгізудің техологиялық жолдары мен кейбір сценарийлер көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін біз тиісті модельді ұсынамыз. Соның негізінде бір шешімге келіп, жобаны іске асырудың тиімді жоспарын әзірлеуге мүмкіндік болады", - деді Шолпанқұлов.
Министр Ерұлан Жамаубаев болса, ұлттық банктің нақты шешімінен кейін қаржы министрлігі де өз ұсынысын енгізуге дайын екенін жеткізді. Ол үшін бәрін заңмен бекіту керек. 
"Мен техникалық тұрғыда ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Себебі цифрлық теңге қолма-қол ақша емес, қазіргі ақшасыз төлемге ұқсас, айналым табиғаты да бірдей", - деп атап өтті қаржы министрлігінің басшысы.
Бұған дейін ұлттық банк "Цифрлық теңге" жобасын жылдың екінші жартысында пилоттық режимде іске асыруды жоспарлаған болатын.
Оқи отырыңыз: Биткоин бағамы рекордтық көрсеткішке жетті