Қоғам

Цойдың не себепті қызметінен босатылғаны хабарланды

44 жастағы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың әрі қарай қандай қызметке тағайындалатыны хабарланбады
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз қалауы бойынша қызметтен кетті. Ол бір жарым жыл денсаулық сақтау саласын басқарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Иә, басқа қызметке ауысуына байланысты өз қалауы бойынша жұмыстан кетті", - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Алайда бұрынғы министрдің қандай қызметке ауысқаны және оның мемлекеттік қызметті қалу-қалмауы айтылмады.
Айта кетері, 20 желтоқсанда мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды.
Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметіне 2020 жылдың 25 маусымында тағайындалды, оның алдында Елжан Біртанов министр болған.

Алексей Цойдың өмірбаяны

Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген.
Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, "Дәнекер" халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.

Еңбек жолы

1998-2001 жылдары "Аспан Шымкент" ЖШС бас бухгалтері, коммерциялық директоры болып қызмет еткен.
2002-2004 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығы және республикалық клиникалық ауруханада эндоскопист-дәрігер.
2004-2007 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығында эндоскопист-дәрігер, аға ғылыми қызметкер.
2007-2010 жылдары Қазақстан президенті іс басқармасы медицина орталығының заманауи технологияларды енгізу орталығы директорының міндетін атқарушы, директоры болып еңбек етті.
2010-2011 жылдары — Қазақстан президенті іс басқармасының медицина орталығы басшысының міндетін атқарушы, басшысы.
2011-2014 жылдары — Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері.
2014-2017 жылдары — денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі лауазымын атқарды.
2017-2019 жылдары — денсаулық сақтау вице-министрі.
2019 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан президенті іс басқармасының медицина орталығын басқарды.
2020 жылдың 22 маусымында денсаулық сақтау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.
2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды.
Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі Цой қызметінен босатылды