Оқиға

Оралда ит өліп жатқан жерге барған сиыр тірідей жанып кетті – видео

Облыстық полиция департаменті оқиғаның 16 желтоқсанда болғанын растады. Мал иесі электршілердің уәжімен келіспей отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Орал қаласына қарасты елді мекенде ит электр бағанасының түбінде тоққа түскен. Ал он күннен кейін дәл сол жерге барған сиыр тірідей жанып кетті. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Бұл оқиға Зашаған кентінде болған. Instagram-да жарияланған ақпаратқа сәйкес, электрші инженерлер оқиға орнына келген. Олардың айтуынша, сиыр бағанаға сүйкеліп, оны қозғап, электр желілерін үзген. Бірақ мал иесі ондай уәжбен келіспей отыр. Бетон бағананы мал тұрмақ, трактордың өзі әрең дегенде қозғайды дейді. Сиырдың жанында көршінің иті де жатыр. 
"Жаңа электрші келіп, екі изоляторды ауыстырып кетті. Екеуі де сынған. Бұрын сынған, соны ауыстырып кетті. Шынымен де, бұрын сынғаны көрініп тұр, өйткені жанында сынық жоқ. Міне, ит, мойнында қарғыбауы да бар. Осыдан он күн бұрын сатыр ете түскенін біреу көрген екен. Ал сиыр жанып кетті. Апат қызметі бір сағаттай жүрді. Соған дейін жанды ғой", - дейді видео авторы.
Облыстық полиция департаменті оқиғаның 16 желтоқсанда болғанын растады. Апаттық бригада бәрін жөндеп кетіпті. Енді мал иесі сот арқылы арыз түсіріп, шығынын өндіре алады.
Оқи отырыңыз: Түркістанда алма жинап жүрген жігіт тоққа түсіп мерт болды