Оқиға

Нұр-Сұлтанда алты көлік соқтығысты – видео

Жол полициясы жүргізушілерге жолда арақашықтық сақтап, қыс мезгілінде аса сақ болу қажеттілігін ескертті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан — Sputnik. Нұр-Сұлтаннан шығатын жолда жаппай жол апаты болып, үш адам зардап шекті.
Елорданың полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сөйкес, 17 желтоқсанда Қарағанды тас жолында алты автокөлік соқтығысып қалды.
"Сағат 14:13 шамасында Audi маркалы көлігінің 34 жастағы жүргізушісі Нұр-Сұлтан – Қарағанды тас жолымен Армандастар көшесіне қарай келе жатып, арақашықтықты сақтамауының салдарынан Volkswagen маркалы автокөлігіне соғылып, Volkswagen соққы күшінен алда тұрған Škoda автомашинасына соғылды. Одан соң Kia маркалы автомашинасы Audi көлігін соғып, ол қарсы қозғалыс бетіне шығып кетті де, Honda автокөлігіне соғылды", - деп хабарлады елорда департаментіндегілер.
Жол апаты салдарынан Volkswagen автокөлігінде болған үш жолаушы жарақат алды. Дәрігерлер тексергеннен кейін олар үйге жіберілді.
Полиция мәліметі бойынша бір тәулік ішінде бас қалада 76 жол апаты тіркелген.
Осыған байланысты полиция департаменті жүргізушілерді жолдағы қозғалыс кезінде аса сақ болуға, гаджетке алаңдамауға және жолтайғақ кезінде арақашықтық сақтауға шақырды.