Дүниежүзілік туристік ұйым Туладан жетпіс шақырым қашықтықта орналасқан Бёхово ауылын әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі деп таныды. 75 мемлекеттегі 170 елді мекен БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйымның рейтингіне енуге тырысқанмен, ұйымның Бас ассамблеясының шешімімен бұл тізім 32 елдегі 44 ауылмен шектелді.
Үміткерлерге қойылатын талаптар табиғи және мәдени ерекшеліктерге, салт-дәстүрді сақтауға бағытталған новаторлық әдіске, туризмді дамыту ісіне деген ұмтылысқа қатысты болды.
Бёховоның басқа ауылдардан ерекшелігі қандай?
Ресейдің әйгілі саяхатшы суретшілерінің бірі Василий Поленов осы ауылда тұрып еңбектенген. Поленовтың достары, әріптестері мен шәкірттері суретшінің өз жобасы бойынша салынған үй мен шеберханадан бөлек, Троица шіркеуін де қамтитын зәулім кешенге жиі келетін. Олардың қатарында Илья Репин, Константин Коровин, Виктор Васнецов, Исаак Левитан және жазушы Антон Чехов бар.
Суретші қайтыс болғаннан кейін бұл нысан "Поленово" музей-қорығына айналды. Бүгінде Бёховода небәрі 58 адам тұрады, десе де мұнда түрлі көрме мен өнер фестивальдері жиі өткізіледі. Мұндай ауқымды шараларға Ресейдің түкпір-түкпірінен келген суретшілер қатысады.