НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылы "ҚазМұнайГаз", "Тау-Кен Самұрық" және Air Astana компаниялары өз акцияларын IPO-ға шығарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте сақтандыру нарығы және бағалы қағаздар нарығын дамыту жайлы заң жобасын талқылау барысында депутаттар халықтық IPO қалай жүзеге асып жатқанын сұрады.
Қаржы вице-министрі Данияр Жаналиновтың айтуынша, келесі жылы үш компания өз пакеттерін IPO-ға шығарады. Ал 2023 жылы тағы үш компания қосылады.
"Біз 2022 жылы үш компанияны – "ҚазМұнайГаз", "Тау-Кен Самұрық" және Air Astana-ны шығаруды жоспарлап отырмыз. 2023 жылы IPO арқылы "Қазпошта", "Самұрық-Энерго" және "Қазақстан темір жолы" компанияларын жекешелендіру жоспарымызда бар. Бұлар өз саласында экономиканың басты драйверлері. Сол себепті халықтың қызығушылығы да жоғары болады деп ойлаймын", - деді Жаналинов мәжіліс отырысында.
Айтуынша, бұл шаралар 2021-2025 жылға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарында қарастырылған.
"Халықтық ІРО" деген не
IPO немесе Initial Public Offering – қандай бір компанияның өз акцияларын көпшілікке сатып алуға алғаш рет ұсынуы. Халықтық ІРО кезінде акциялар бірінші кезекте сол мемлекеттің халқына сатылады.
Халықтық IPO азаматтарға ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, қосымша табыс алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, адамдар мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруға қатыса алады.
Оқи отырыңыз: "Халықтық IPO" өткізуді қолдаймын – мемлекет басшысы
Биыл қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырды. Мемлекет басшысы акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек екенін айтты.