Денсаулық

Белгілі антиваксер Pfizer вакцинасына қатысты бірнеше мәлімдеме жасады

stopfake.kz мәлімдемелердің барлығын тармақ бойынша талдап шыққан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Telegram мессенджерінде вакцинацияға қарсы Айна Бакееваның тағы бір мәлімдемесі тарады.
Бұл жолы ол Pfizer-BioNTech өндірген Comirnaty вакцинасы жеткілікті зерттелмеген және оның қауіпсіздігі күмән тудырады, Қазақстанда оны сақтайтын жағдайлар жоқ, ал егілген балалар сырқаттанған жағдайда оларға ешкім көмектеспейді деп жазады.
stopfake.kz мәлімдемелердің барлығын тармақ бойынша талдап шыққан.
Өндірушілер вакцинацияланғандардың 89%-ында болатын миокардит және перикардит туралы ақпаратты жасырады.
Бұл тұжырым толығымен жалған. Біріншіден, Pfizer-BioNTech шығарған вакцинаны алудың жанама әсері миокардит немесе перикардит болуы мүмкін екендігі туралы АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) ресми сайтында жазылған. Екіншіден, бұл жанама әсерлер өте сирек кездеседі және жеңіл дәрежеде өтеді. Мұны ауқымды ғылыми зерттеулер растайды. Олардың бірінің нәтижелері рецензияланған Nature журналында жарияланды. Олар перикардит немесе миокардит қаупі шамамен 1:50 0000 құрайды. Бұл ретте 95% жағдайда перикардит пен миокардит өте жеңіл түрде өтіп, салдарсыз өтті.
Тағы бір зерттеу АҚШ-та жүргізілді, оның нәтижелерімен Circulation ғылыми журналында танысуға болады. Онда вакцинация нәтижесінде перикардит пен миокардит жағдайлары сирек кездеседі және мұндай жағымсыз реакцияға тап болғандардың бәрі қысқа мерзімде қалпына келді және ауыр белгілер болмағаны айтылған.
16 жасқа дейінгі балаларда зерттеу жеткіліксіз
Сайт мәліметнше, бұл олай емес. FDA мақұлдауы үшін вакцина 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде клиникалық сынақтардан өтті. Олар сәтті болды.
Кейін басқа да зерттеулер жүргізілді. Ғалымдар бұрын жүргізілген тәжірибелерге шолу жасады. Олардың барлығында вакцинаның балалар үшін тиімді және қауіпсіз екені көрсетілген.
Препаратты жүкті және бала емізетін әйелдерде зерттеу жеткіліксіз
Бүгінгі таңда әлемдік ғылыми қауымдастық Comirnaty вакцинасының жүкті және бала емізетін әйелдер үшін қауіпсіз екенін дәлелдейді деп тапқан зерттеулер бар.
Балалар мен сәбилердің өміріне қауіп төндіретін жағдайлар тіркелген жоқ. Керісінше, деректер вакцинацияланған аналардан антиденелер туылмаған балаға берілетіні көрсетілген, бұл оларды инфекциядан қорғайды, делінген ондағы ақпаратта.
Созылмалы аурулары бар адамдар үшін вакцинаның қауіпсіз екендігін көрсететін зерттеулер жоқ
Мұндай зерттеулер бар. Олардың нәтижелері биыл сәуір айында жарияланды. Израильде вакциналардың қауіпсіздігі бойынша ең үлкен зерттеулер жүргізілді, содан кейін ғалымдар 1.4 миллионнан астам адамның, оның ішінде созылмалы аурулары бар адамдардың деректерін талдады. Үстіміздегі жылдың қазан айында Health Analytics журналы вакцинацияның созылмалы ауруы бар адамдардың, соның ішінде қатерлі ісікпен күресетіндердің денсаулығына зиян тигізбейтінін растайтын мақала жариялады.
Вакцинаның репродуктивті жүйеге әсер етпейтініне қатысты деректер жоқ
Сайт мәліметінше, вакциналар бедеулікке әкеледі деген теориялар миф болып табылады. Оны екпеге қарсы адамдар әлем бойынша таратуда. Вакциналар репродуктивті жүйеге әсер етпейтінін мамандар бірнеше рет мәлімдеді.
Бірқатар елдер Comirnaty вакцинасынан бас тартады, өйткені ол қауіпсіз емес
Pfizer вакцинасы АҚШ, Канада, Австралия, Германия, Франция, Исландия және Жапония сияқты әлемнің 115 елінде мақұлданған және қолданылуда. Сонымен қатар ДДСҰ-мен мақұлданған. 
Өндіруші вакцинаның сапасы үшін жауапты емес
Pfizer вакцинасы FDA және CDC мақұлдауын алу үшін қатаң сапа мен қауіпсіздік бақылауынан өтті. Қазақстанда препараттың сапасын сарапшылар да тексерді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады.
"Елге әкелінетін вакциналар (әрбір серия, партия) сапа қауіпсіздігін бағалаудан өтеді, бұл да тиімді және қауіпсіз вакциналарды пайдалануға рұқсат беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, вакциналар өндіруші сапа қауіпсіздігін бағалау процедурасынан өткен кезде шығарудың сапа сертификатымен бірге өндіруші елдің уәкілетті органы аккредиттеген өндіруші елдің зертханасы берген серияның сапа сертификатының көшірмесін ұсынады. Осылайша, өндіруші зауыт сапалы және ең бастысы вакцинадан өткен өнімді жеткізуге кепілдік береді. 12 жастан асқан жасөспірімдерді КВИ қарсы вакцинациялау білім беру объектілерінің егу пункттерінде жүргізіледі. Сондай – ақ, ата-аналардың өтініші бойынша вакцинаны емханаларда жеке алуға рұқсат етіледі", – деп түсіндірді ведомстводағылар.
Қазақстандық балалар жеңіл ауырады, демек оларды вакцинациялаудың қажеті жоқ
Шынында да, балалар ересектерге қарағанда COVID-19 жеңіл ауырады, алайда бұл олардың арасында жағдайы ауыр науқастар немесе асқынулар салдарынан қайтыс болғандар жоқ дегеннің белгісі емес. Қазақстандық БАҚ індеттен қайтыс болған екі бала туралы хабарлады – олардың бірі бір жаста, екіншісі бір айлық болды.
ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, биыл қараша айында COVID-19 салдарынан 3.3 миллион адам көз жұмған, оның ішінде 20 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында 11 700-ден астам өлім тіркелген.
ДДСҰ вакциналарды төтенше жағдайда қолдануды ұсынады, ал Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтатылды
ДДСҰ сайтында ұсынылған For emergency use мәлімдемесі коронавирусқа қарсы вакциналар тек төтенше жағдай режимі енгізілген елдерде ғана қабылдау ұсынылады дегеннің белгісі емес. ДДСҰ сайтында бұл тұжырым "елдерге вакцинаны импорттауға және вакцинаны енгізуге қатысты өздерінің реттеуші процедураларын тездетуге мүмкіндік береді" делінген. Сондай-ақ, бұл ЮНИСЕФ пен Панамерикалық Денсаулық сақтау ұйымына вакцинаны мұқтаж елдерге тарату үшін сатып алуға мүмкіндік береді”. Демек, қандай да бір елде енгізілген немесе тоқтатылған ТЖ режимі ДДСҰ-ның вакцинацияға қатысты ұсынымдарына әсер етпейді.
Мектеп медбикелері вакцинациядан кейін өзін нашар сезінген балаларға көмек көрсетпейді
Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
"Медицина қызметкері профилактикалық  екпе жасамас бұрын егілетін адамға медициналық тексеру (дене температурасын өлшеу, тері жабындарын және көрінетін шырышты қабықтарды тексеру, артериялық қысымды және сатурацияны өлшеу) жүргізеді және жалпы жағдайын бағалайды. Шағымдар мен клиникалық көрсетілімдер анықталған кезде жасөспірім қосымша зертханалық-аспаптық зерттеулерге жіберіледі. Көрсетілімдер бойынша тар шеңберлі мамандардың консультациясына жіберілуі мүмкін. Иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған кезде егілетін адамның медициналық құжатында егуді жүргізуге рұқсатты ресімдейді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе заңды өкіліне профилактикалық егу, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар мен қолайсыз көріністер, егуден бас тарту салдарлары туралы толық және объективті ақпарат береді. Екпелер ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерінің екпелерді жүргізуге ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Профилактикалық егулерді жүргізуге ерікті түрде хабардар етілген келісім немесе бас тарту жазбаша түрде ресімделеді", – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ, мамандар коронавирусқа қарсы вакцинаны алғаннан кейін иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайларды уақытылы анықтау және қажетті медициналық көмек көрсету үшін вакцина салғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта медициналық бақылау жүргізілетінін атап өтті.
Одан әрі медициналық бақылау келесі 3 күн ішінде жүргізіледі. Бұл ретте медициналық бақылау мектепте де, тіркелген жері бойынша медициналық ұйым тарапынан да жүргізіледі.
Ата-аналар өз баласын егуден бас тартқаны үшін жауап береді
Бұл жалған, дейді сайт. Балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялау ерікті болып табылады және одан бас тартқаны үшін жауапкершілік көзделмеген.
Қазақстанда Comirnaty вакцинасын сақтауға жағдай жоқ
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде препаратты сақтау және тасымалдау үшін барлық қажетті жабдықтар бар.
"Комирнати" (Пфайзер) вакцинасын сақтауға және тасымалдауға қойылатын талаптар, сондай-ақ вакцинациядан кейін болуы ықтимал күтілетін реакциялар «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы № 46 қаулысында (бұдан әрі – БМСДҚ № 46) қарастырылған. № 46 БМСДҚ-мен Комитет сайтында танысуға болады. "Комирнати" (Пфайзер) коронавирусқа қарсы вакцинасын өндірушіден облыстыңқ немесе республикалық маңызы бар қаланың орталық қоймасына тасымалдау және сақтау минус 90°C – тан минус 60°C-қа дейінгі температурада жүзеге асырылады, вакцина орталық қоймадан төменгі аудандық және қалалық деңгейлерге, оның ішінде медициналық ұйымдар мен білім беру ұйымдарының егу пункттеріне берілген сәттен бастап вакцинаны сақтау басқа вакциналардың басым бөлігі сияқты плюс 2°C-тан плюс 8°C-қа дейінгі температурада жүзеге асырылады", – делінген министрлік хабарламасында.
Иммундау науқанына 1933 егу пункті тартылған. Олардың барлығы вакцинаны сақтауға және тасымалдауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Айна Бакеева жариялаған пост негізсіз, деп жазды stopfake.kz.