Әлем

Асқар Ақаев Қырғызстанға не үшін қайта барғаны белгілі болды

Ол биыл тамыз айында 16 жылдан бері Қырғызстанға бірінші рет барып, "Құмтөр" жобасына қатысты тергеу сауалдарына жауап берген болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан — Sputnik. Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев еліне қайта келді. Ол "Құмтөр" жобасына қатысты сауалдарға тағы да жауап беру үшін барған. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан хабарлады.
Экс-президенттің жақындарының айтуынша, сапар Қырғызстанның құқық қорғау органдарымен келісілген. Ақаев "Құмтөр" айналасындағы қылмыстық іс бойынша тергеу сауалдарына екі күн жауап беріп, қайта кетеді. Онымен бірге кенже ұлы Ілім Ақаев та келген.
Асқар Ақаев биыл тамыз айында 16 жылдан бері Қырғызстанға бірінші рет барып, "Құмтөр" жобасына қатысты тергеу сауалдарына жауап берген болатын. Ол үкіметке сеніп, ел үшін тиімсіз шешім қабылдағаны үшін қырғызстандықтардан кешірім сұраған еді.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ақаев "Құмтөр" ісі бойынша "тергеумен белсенді жұмыс істеді". Бұған дейін Ақаевқа қатысты 1992 жылы осы жоба бойынша бас келісім жасасу, оған 1994 жылы өзгерістер енгізу кезінде, сондай-ақ 2003 жылы "Камеко" компаниясымен бас келісімді қайта құрылымдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінді.