АЛМАТЫ, 14 желтоқсан – Sputnik. Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында ірі жолайрықта көлік қозғалысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығының құрылысы аяқталды. Рысқұлов даңғылы арқылы өтетін эстакаданың ұзындығы 186 метрді құрайды. Оның құрылысы осы аймақта орналасқан құрылыс иелерімен болған сот процестеріне байланысты кешіктірілді.
Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрығы
© Photo : Пресс-служба акима Алматы
Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрық бойымен көлік қозғалысын бастап берді.
Бұл Рысқұлов даңғылы бойымен жүретін көліктерді өткізу қабілетін тәулігіне 80 мың автомобильге дейін, Емцов көшесі бойымен – 40 мыңға дейін арттырады.
Сондай-ақ Абай даңғылын ұзарту учаскесінде қозғалыс ашылды. Абай даңғылында Наурызбай ауданының әкімшілік орталығында Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін ұзындығы 3,5 шақырым учаскенің құрылысы аяқталуға жақын. Екі бағыт бойынша көлік қозғалысы үшін үш жолақ қарастырылған.
Әшімов көшесінің үстінен 400 метрлік эстакада салынды, оның қозғалысын айдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Абай даңғылын ұзарту жобасын іске асыру барысында Қарғалы өзені арқылы да көпір салынды. Абай даңғылын қаланың батыс шекарасына дейін ұзарту көліктің кедергісіз өтуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев салынып жатқан Бауыржан Момышұлы метро станциясын аралап көрді, онда әрлеу жұмыстары аяқталып, жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жылдың соңына дейін Бауыржан Момышұлы және Сарыарқа станцияларын техникалық іске қосу жоспарланған.
Тәуелсіздік күні Алматыда қандай шаралар өтеді
Алматыда 16 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік отшашу болады.
Отшашу "Астана" алаңында (ҚБТУ ғимаратына қарама-қарсы) сағат 21.00-де басталады.
Қала әкімдігі мерейтой күніне орай Алматыда 110-нан астам түрлі іс-шара өткізеді.
15 желтоқсанда №1 Оқушылар үйінде "Жаса, қазақ елі" концерті өтеді, сол күні Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында мәдениет және өнер өкілдерінің қатысуымен "Тәуелсіздік игілігі үшін еңбек" іс-шарасы ұйымдастырылады, сонымен қатар Сайран көлінің жағасында жастардың қатысуымен эко-акция өтеді.
16 желтоқсанда "Тұран" университеті флешмоб ұйымдастырады, ал Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында "Абылай хан" операсының премьерасы көрсетіледі.
Тәуелсіздік күні ҚР Ұлттық кітапханасында "Тұғыры биік Тәуелсіздік" іс-шарасы өтеді.