Фото

Туристерді тамсандырған шаһар: Самарқанның тарихи жерлері – фото

Самарқан – Өзбекстан Республикасының ежелгі қаласы. Мұнда 14-15 ғасырларда, тіпті оның алдында бой көтерген кесененің әр тасының тарихы бар
Sputnik
Жаугершілік заманды, сауда-саттық қызған шақтың куәсі болған қалаға ат басын бұрып, тарихпен танысқысы келетін туристердің қарасы қалың.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Самарқан көктем-жаз айларында ерте кездегідей сауданың мекеніне айналады. Қаланың символы саналатын – Регистан әрбір қонаққа құшағын кеңінен ашып қарсы алады.
Sputnik Қазақстан тілшісі Самарқанға барып, ежелгі қаланың туристер ең көп баратын жерлерін аралады. Толығырақ фотолентадан көріңіз.
1 / 13
Өзбекстанның ежелгі қаласы Самарқанның символы – Регистан алаңы. Орта Шығыс қалаларында Регистан деп негізгі алаңдарды атаған. Самарқандағы алаң солардың ішінде ең үлкені саналады. Оған XV-XVII ғасырлардағы сәулет өнері себеп болып отыр. Себебі мұнда үш кесене бар.
2 / 13
Регистан алаңына келген адам үш сәулет өнеріне тәнті болмай қоймайды. Себебі Ұлықбек медресесі, Шердор медресесі және Тиллә Кари медресесінің құрылысы бір-бірімен үйлесіп тұр.
3 / 13
Самарқан Әмір Темірдің билігі тұсында елдің астанасы болған. Әмір Темір қаланың гүлденуіне барын салып, жаулап алған елдерінің ұста-құрылысшыларын астанасына алдыртқан. Сол сәулет өнерінің бірі – Әмір Темір кесенесі. Жергілікті тұрғындар мұны Гур Эмир деп атайды.
4 / 13
Әмір Темір билік құрған кезеңде Самарқан гүлдене түсті. Аңыз бойынша Әмір Темір өмірінде үш істі жақсы көрген екен. Соның бірі – биік ғимараттар салу. Ол тарихтан жақсы белгілі. Себебі 14-15 ғасырда бой көтерген ғимараттың басым бөлігі Темір бұйрығымен салынған. Екіншісі – жорық. Мұны да тарих Темірдің жаулап алған жері арқылы көрсетіп тұр. Үшіншісі – шахмат. Аңызда Әмір Темірдің соғыс жорықтарында жеңуіне осы ойынға деген құштарлығы көмектескен делінеді.
5 / 13
Көк тас. Бұл көк тасты Темір әулетінің ұрпақтары таққа отыратын кезде қолданылған деген дерек бар. Кей деректе мұның Көксарай қаласынан жеткізілгені айтылған. Ал ортасы ойық тастан жасалған затты біреулер ел билеушісінің суға түскен жері деп атаса, енді бірі ішіне анар шырыны құйылғанын айтады.
6 / 13
Әмір Темір кесенесіне келіп жатқан адам көп. Себебі мұнда Әмір Темір мен оның ұрпақтары жерленген. Бастапқыда бұл кесенені Әмір Темір ұлы қайтыс болғаннан кейін салуға бұйрық берген. Бір деректер кесененің алғашқы нұсқасы билеушіге ұнамаған соң қайтадан салынғаны айтылады. Қазір мұндағы басты бөлмедегі сәулет өнері ешкімді бей-жай қалдырмайды.
7 / 13
Самарқандағы тағы бір танымал жер – Шахи Зинда мемориалды кешені. Кешен ішінде 14-15 ғасырда салынған 11 кесене бар. Бірінен соң бірі қатар салынған кесенелер арасында белгілі бір аралықта баспалдақ орнатылған. Аңыз бойынша көтерілгенде және түскен кезде баспалдақ саны бірдей шықса, адамның күнәдан жаны таза деп есептелген. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббастың қабірі бар. Оны “Шахи Зинда” деп атаған. Парсы тілінен аударғанда "тірі патша" дегенді білдіреді. Ол Самарқанға исламды насихаттау үшін келіп, осында қайтыс болған. Бірақ мүрдесі табылмаған. Соған байланысты кешеннің аты “шахид” болуы да мүмкін дейді. Ал "тірі" ұғымы да аңыздан туған. Ол Орталық Азияға исламды насихаттауға келгенде қарсылыққа тап болған, сонда қашқан кезде осы жердегі құдыққа жасырынған. Өткен-кеткен адам оның дауысын естіген, бірақ көрмеген. Соған байланысты оны "тірі" деп атаған. Сондай-ақ мұнда Әмір Темірдің ұрпақтары жерленген.
8 / 13
Шахи Зинда мемориалды кешенінде 14-15 ғасырдағы сәулет өнері толық сақталған. Арасында есіктің ескі тұтқасын да, түрлі ою-өрнекті де көруге болады.
9 / 13
Регистан алаңының түнгі көрінісі. Мұнда үш кесене кешкі алтыдан жетіге дейін түрлі түске боялады.
10 / 13
Регистан алаңындағы медреселерде қонақтар елдің мұрасымен танысып қана қоймай, түрлі бұйым сатып ала алады. Бір кездері медресе сыныбы болған жерлерде түрлі дүкен жұмыс істеп тұр. Көп дүкеннің арасында осы бұрыш бірден көзге түседі. Мұнда адамдар намаз оқи алады.
11 / 13
Өзбекстандықтар Жаңа жылға дайындықты бастап кеткен. Қолдан жасалған шырша ойыншықтары шығыс үлгісінде әрленіп, бағасын арттырып тұр.
12 / 13
Дүкен әрі мұражайға айналған кешен ішінен осындай қыш дүниелерді көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар әр өрнектің тарихын айтып беруден шаршамайды.
13 / 13
Түнгі Самарқан ерекше әдемі. Тарих арқылы туризмі дамыған қала деуге толық негіз бар.