Денсаулық

Pfizer вакцинасының жүрек қатерлі ісігін тудыратыны рас па

Бұл туралы ақпарат Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми сайтында жарияланған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар Pfizer/BioNTech компаниялары өндірген Comirnaty вакцинасын талқылауда.
Оны елімізде жүкті, бала емізетін және 12 жастан асқан балаларды вакциналау үшін қолданады. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, препарат өте қауіпті, себебі бұл жүрек қатерлі ісігін тудырады.
Мұндай болжамдар сирек жанама әсерлер – бұған дейін перикардит және миокардит, жүрек бұлшықетінің және оның қабығының қабынуы туралы хабарланғандықтан шығуы мүмкін. Бұл туралы ақпарат Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми сайтында жарияланған. Онда жанама әсерлер болған пациенттердің көбі қысқа уақытта тез және толық емделді делінген.
Бүгінгі күні ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізілді, олардың нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, перикардит немесе миокардит қаупі шамамен 1:50 0000 құрайды. Осы мәліметтерді алу үшін зерттеушілер Израильде 2020 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы мамырға дейін Pfizer/BioNTech вакцинасын алған 16 жастан асқан адамдар туралы ақпаратты талдады. Алынған мәліметтер, сондай-ақ, 95% жағдайда перикардит пен миокардит өте жеңіл түрде өтіп, салдары болмайтынын көрсетті.
COVID-19 қарсы вакцинациялау мен онкологиялық аурулардың байланысы туралы қауесеттер толығымен негізсіз және оны ғалымдар мен фактчекерлер бірнеше рет теріске шығарған, деп жазды stopfake.kz.
Ғылыми деректерге сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина онкологиялық аурулардың даму ықтималдығын арттырмайды. Сонымен қатар, қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдардың айтуынша, олардың жағдайы вакцинациядан кейін нашарламаған, сондай-ақ ісіктердің көбі айтарлықтай өзгерген жоқ.

Оқи отырыңыз: