Мәдениет

Димаштың ата-анасы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады – видео

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның мәдениет қайраткерлері ел тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Олардың арасында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевалар да бар.
Құттықтаудың видеосы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
"Ата-бабаларымыз талай ғасырлар бойы армандаған егемендігіміздің биыл 30 жылдығы. Осынау мерейлі той елімізге, бүкіл қазақ еліне жақсылығымен, берекесімен, мерекесімен келсін дейміз. Әрбір шаңырақта тек қана шаттықты той болсын! Әрбір ата-ана ұл-қыздарының жетістіктеріне қуансын! Еліміз өсіп-өніп, өркендеп, әлемнің ең алпауыт елдерімен қатар тең дәрежеде өсіп өркендей берсін. Ұлан ғайыр даламызда жеңісті, жемісті күндер көп болсын! Бақытты ұл-қыздардың жүзінен шаттықтың лебі кетпесін! Еңбектің жемісін көрейік! Аспанымыз ашық болсын! Тәуелсіздігіміз құтты болсын! Қазақстанның мың жылдығын тойлайтын күндерді ұрпақтарымыз көрсін!» - деді мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев.
Ал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева егемендіктің оңайлықпен келмегенін айрықша атап өтті.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен мереке. Осындай айтулы мерекемен барша халқымызды, отандастарымызды құттықтаймын! Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, мәңгілік болсын! Егемендігімізді тойлау бір басқа, ал оны сақтап, келесі ұрпаққа аманттау мүлдем бөлек, үлкен жауапкершілік. Еліміз өркендеп өсе берсін!" - деді Светлана Айтбаева.
Әнші Досымжан Таңатаров елдің дамуына егемендіктің қосқан үлесі зор екенін мәлім етті.
"Қазақ елінің Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Біз 1992 жылы мектеп бітірдік. Елмен бірге өсіп-өркендеген азамат болдық. Оқуымызды тәмамдап, дипломымызды алған тұста елдің азаматы ретінде жаңадан бой көтерген елордамызға өз үлесімді қосу үшін 2000 жылдан бері тұрып келемін. Әрине егемендігіміздің символы, айғағы, дамып жатқан мемлекет ретінде елордамыздың алар орны ерекше. Көз алдымызда елордамыз қалай өскен болса, біз де сол тәуелсіз елмен бірге азаматы болып қалыптастық. Сөзсіз оған осы елдің тыныштығы, осы елдің дамуы, әрбір жеткен жетістігі көз алдымызда өтіп жатыр.
Осы тәуелсіздігіміз баянды, ғұмырлы болсын! Елдің тыныштығы бұзылмай, өсіп-өркендеген, әлем тамсанған үлкен мемлекеттердің қатарына қосылуды Алла бізге нәсіп етсін! Мереке құтты болсын!" - деді "Жастар" театры директорының орынбасары Досымжан Таңатаров.