Қоғам

Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі оқытылады – Әбдіқалықова

Қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы ресейлік және қазақстандық стандарттар бойынша оқытатын мектептерде енгізіледі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Байқоңыр қаласының барлық мектебінде қазақ тілі мен Қазақстан тарихы оқытылады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз Байқоңыр қаласының мектептерінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихын оқыту жайлы келістік. Бұл пәндер ресейлік және қазақстандық стандарттар бойынша оқытатын мектептерде енгізіледі", - деді Әбдіқалықова үкімет кулуарында.
Айтуынша, бұл мәселе көптен бері талқыланып жүр.
"Біздің мектептерде, Ресей мектептерінде қазақ балалары оқиды. Біздің бүлдіршіндер үшін өз тілі мен тарихын тану және үйрену жаңа бастама болады деген ойдамын", - деді облыс әкімі.
Қазір екі елдің білім министрліктері жұмыс механизмін пысықтап жатыр. Қызылорда облысы өз тарапынан мектептерді білікті мұғалімдермен, оқулықтармен, қажетті материалдармен қамтамасыз етеді.
Айта кетері, Ресей Байқоңырды Қазақстаннан жалға алып отыр.
Оқи отырыңыз: Министр баланың тілі не себепті орысша шығатынын айтты