ТАЛДЫҚОРҒАН, 12 желтоқсан — Sputnik. Алматы облысында ер адамды төрт жыл бұрын кісі өлтіргені үшін 20 жылға соттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2017 жылдың қазан айында Қаратал ауданының полициясына Ортатөбе ауылының 65 жастағы тұрғынының жеке үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-тергеу тобы қол-аяғы байланған егде жастағы ер адамның денесін тапты. Сот сарапшылары ол бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болғанын анықтады.
Оқиға орнын тексеру кезінде үйден 50 000 теңгеге жуық ақша мен жалпы сомасы 288 000 теңге шамасында түрлі зат ұрланғаны анықталды.
Бұл жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Жәбірленушінің туыстары қылмыскерлерді ұстауға көмектесу үшін БАҚ арқылы үндеу жасады. Олардың шағымы бойынша қылмыстық істі тергеу облыстық департамент басшылығының жеке бақылауына алынды. Кісі өлімімен аяқталған қарақшылық шабуылды ашуға ең тәжірибелі жедел уәкілдер мен тергеушілер қосылды.
Осы жылдың басында тәртіп сақшылары есірткі сатқаны үшін бұрын сотталған 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Тергеу судьясы күдіктіні қамауға алуға санкция берді.
"Түрлі сот-медициналық, молекулярлық-генетикалық, трасологиялық, криминалистикалық, одорологиялық және басқа да сараптамалардың зерттеулерін ұсынған сарапшы-криминалистер тергеуге көмек көрсетті", - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Жиналған материалдар, соның ішінде куәгерлердің айғақтары аса ауыр қылмыстың бұлтартпас дәлел болды. Жаздың соңында қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді.
Сот отырысы кезінде айыпталушы кісі өлтіруге қатысы барын жоққа шығарды, өтірік алиби ойлап тапты, бәрін шатастыруға тырысып, жалған куәлік берді. Сотталушының дәлелдері мұқият тексеріліп, расталмады.
Алматы облыстық сотының үкімімен күдікті Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 4-тармақтары; 99-бабы 2-бөлігінің 7, 8-тармақтары ("Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өмiрiне немесе денсаулығына күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл, кісі өлтіру") бойынша кінәлі деп танылды.
Ер адам төтенше қауіпсіздік мекемесінде 20 жыл жазасын өтейтін болды.
Желтоқсан айының басында үкім заңды күшіне енді.