НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында өрт кезінде ер адам көз жұмды, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгін, 13 желтоқсанда, Көкшетау қаласындағы "Алмаз" саяжай кооперативіндегі тұрғын үйде өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 1974 жылы туған ер адамның денесі табылды.
Үйде болған тағы бір ер адам шығып үлгерген, оның аяқ-қолы мен беті күйіп, ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы орташа дәрежеде тұрақты.
Өрт сөндірушілер ас үй бөлмесінен бір газ баллонын алып шықты. Шатырдағы екінші баллон өрт кезінде жарылған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
"Өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте саяжай толығымен өртке оранған, бұл – шақтырудың кеш түскендігін білдіреді. Газ-түтіннен қорғау қызметі бір газ баллонын алып шыққан. Сонымен қатар 1974 жылы туған ер адамның денесі табылды", – деді Көкшетау қаласы басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.