Оқиға

Полиция жауап алғаннан кейін көз жұмды: ер адамның өліміне қатысты тың дерек шықты

Жауап алу кезінде көз жұмған ер адамның өлімінен кейін Шымкент полициясында лауазымды тұлғалар жұмыстан шығарылды. Оқиғаны арнайы прокурорлар департаменті тергеп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов полиция бөлімшесінде жауап алғаннан кейін көз жұмған 31 жастағы ер адамның өлімін тергеуге қатысты түсініктеме берді.
"Ұстау және жеткізу кезінде полиция қызметкерлері күш қолданған. Олардың біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады. Полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды, объективтілік үшін оларды арнайы прокурорлар департаменті тергеп жатыр", - деп жазды Жұмаханбетов Facebook-те.
Ол өз қол астындағы қызметкерлерді тиісті деңгейде бақыламаған басшылар ішкі істер органдарынан шығарылғанын атап өтті. Қылмыстық істі тергеу аясында олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
"Төтенше оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласына ішкі істер министрлігінен министрдің орынбасары бастаған комиссия келді", - деді ПД бастығы.
Оқи отырыңыз: Шымкентте тергеу кезінде көз жұмған жігіттің досы: басымызға қапшық кигізді
Еске салсақ, 8 желтоқсанда Шымкентте автокөлік ұрлады деген күдікпен Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталды. Олар бұрын мүліктік қылмыс пен қарақшылық үшін сотталған. Күдіктілердің бірі Нұрболат Жұмабаев есінен танып, дәрігерлер келгенше Шымкент полициясында қайтыс болды. Марқұмның ата-анасы полицейлер ұлын өлімші етіп сабағанына сенімді. Адвокат Талғат Есімов ер адам мен оның досын құқыққорғаушы шақырмастан бөлімшеде үш сағаттан артық ұстағанын мәлімдеді.
Марқұмның әкесінің айтуынша, ұлы досымен бірге Шымкентке қалыңдық үшін келген. 17 желтоқсанда үйлену тойы болуға тиіс еді.
Әлеуметтік желіде көз жұмған жігіттің әкесі Ерқара Жұмабаев ұлының денесіндегі жарақаттан кейінгі іздерді көрсетіп жатқаны түсірілген видео жарияланды.