Қоғам

Атыраулық мүгедек ана 90 теңге үшін әлеуметтік көмектен қағылды

Маусым және тамыз аралығында Нұргүл атаулы әлеуметтік көмекті алып тұрған. Ал қыркүйектен бері көмекті төлемей қойды. 
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Атырау тұрғыны Нұргүл Ақтілеуова үш баланың анасы, ІІ топ мүгедегі - табысынан 90 теңге асып кеткені үшін атаулы әлеуметтік көмектен қағылған.
32 жастағы Нұргүл Ақтілеуова – мемлекеттік бағдарлама аясында Атырау қаласындағы Нұрсая мөлтекауданында үй жалдап тұрады. Кішкентай кезінде төртінші қабаттан құлап қатты жарақаттанған Нұргүлдің денсаулығы өсе келе сыр беріп, биыл тіптен жүре алмай қалған. Сол себептен тек наурызға дейін жұмыс істеп, ауруы шыдатпағаннан соң Нұр-Сұлтанға барып, жанбасына ота жасатқан, деп жазды "Ақ жайық" басылымы.
Маусым және тамыз аралығында Нұргүл атаулы әлеуметтік көмекті алып тұрған. Ал қыркүйектен бері көмекті төлемей қойды. 
"Қыркүйекте жұмыс орнымнан маған 142 мың теңге көлемінде еңбекке жарамсыздығым үшін өтемақы төледі. Мүгедектігіме байланысты 89 мың теңге зейнетақы алдым. Алимент төлемей жүрген жолдасым 50 мың теңге төледі. Осының бәрін есептеп келгенде, белгілі межеден 90 теңге асып кеткен. Ал бұл атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтатуға негіз болды. Балаларды мектепке дайындау, азық-түлік, пәтерақы мен тұрмыстық шығындар бар  - бәрі аз ақша емес. Енді қыстыгүні әлеуметтік көмексіз отырмыз", - дейді Нұргүл Ақтілеуова. 
"Ақ жайық" басылымына қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен мынадай жауап келді:
"Ахтлеуова Нургуль Абаевна Атырау қаласында жетімдер санатымен алған пәтерде  2010, 2014,2015 жылы туған балаларымен тұрады. 10.08.2021 жылы 2 топ мүгедектігін алған. Жолдасымен ажырасқан. 2021 жылдың ІІ тоқсанына 22743 теңге, ІІІ тоқсанына 121794 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Ал отбасының 3 тоқсандағы табысы, яғни, шілде айына еңбекақысы 43755 теңге, тамыз айына еңбекақы 142145 теңге, қыркүйек айына мүгедектік жәрдемақысы 89729 теңге және алимент 50000 теңге. Барлығы 325629 теңгені үш айға төрт адамға бөлгенде 27135 теңгеге тең. Ол кедейлік шегінен (27045 тг) жоғары болғандықтан 4 тоқсанға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға негіз жоқ. Конституция күніне тамыз айында 50000 теңге және мамыр айында арнайы комиссия шешімімен 50000 теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сонымен қатар, желтоқсан айындағы “Халық” қайырымдылық қорынан берілетін азық- түлік тізіміне қосылды", - делінген жауапта.
Ведомствоның мәліметінше, барлық көрсетілетін көмектер Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес тағайындалады. Аталған Заңның 7 бабының 1 тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептеледі.
Сондықтан, отбасының жан басына шаққандағы кірісі кедейлік шегінен жоғары болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға негіз жоқ.

Оқи отырыңыз: