НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан мектептерінде өлкетану бойынша жаңа факультативтік курстар енгізілді. Ол үшін Алтай мемлекеттік университетінің "Үлкен Алтай" алтайтану және түркітану ғылыми-білім беру орталығының мамандары, сондай-ақ Қазақстан және Қырғызстан жоғары оқу орындарының сарапшылары педагогтарға арналған әдістемелік құралдар әзірледі.
Оқушылар он курстың бірін таңдап, түркі халықтарының тарихын, мәдениетін, экономикасын және басқа да даму векторларын жан-жақты меңгере алады. Бұл туралы курс авторлары хабарлады.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Үлкен Алтай макроөңірінің аумағында 200-ге жуық ұлт өкілдері тұрады және онда бірнеше мемлекет, соның ішінде Қазақстан да орналасқан. Макроөңірдің барлық елін түркі халықтарының сақтауды және болашақ ұрпаққа жеткізуді қажет ететін бай мәдени мұрасы біріктіреді.
"Үлкен Алтай" алтайтану және түркітану орталығының, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстандағы жоғары оқу орындарының ғалымдары мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік материал әзірледі. Осы құжаттың көмегімен мұғалімдер өлкетану сабағын ұйымдастыра алады. Оқушылар өлкетану, өнер, эпос, география, әлеуметтік желідегі тілдесу мәдениеті және тағы басқа он тақырыптың кез келгенін таңдай алады.
"Кейстің құрылымы нақты әрі логикаға сай. Онда Үлкен Алтай халықтардың ұлттық мәдениеті мен ұлттық дәстүрін дамытудың жүйелік әдісін нығайту мақсатында факультативтік курстарды жүзеге асырудың функциялары, мақсаттары мен міндеттері егжей-тегжейлі және түсінікті жазылған", - деді №10 орта мектептің директоры Анастасия Әлмұратова (Риддер қаласы).
Дайындалған бағдарламалар 11-сынып оқушыларына арналған. Курсты жүргізетін мұғалімдер дайын сабақ жоспарын ғана емес, сонымен қатар сарапшылардың маңызды ұсыныстарын алды. Сонымен қатар құжатта үй тапсырмалары, өзіндік жұмыстар және бақылау-тексеру материалдары бойынша дайын тапсырмалар бар.
Мұғалімдердің жаңа пәндермен танысуын жеңілдету мақсатында педагогтар үшін Алтай мемлекеттік университетінде үш күндік онлайн курс ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Үлкен Алтайдағы өлкетану бойынша әдістемелік нұсқауларға республикалық 42 мектеп, 15 жоғары оқу орны және 3 колледж өтінім қалдырған.
"Ұсыныстардың негізін құрайтын білім беру технологиялары әртүрлі факультативтік курстарды ұйымдастыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ олардың көмегімен мұғалім жүйелік-қызметтік әдіс арқылы білім беруді жүзеге асырады. Бұл оқушы білімді дайын түрде емес, өзіндік жұмыс процесі кезінде қабылдауда қажет, ол ойлау, ізденімпаздық белсенділігін дамытуға бағытталған жүйелі тапсырмалар арқылы жаңа біліммен танысады. Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу арқылы қабілетін жетілдіреді", - деді Анастасия Әлмұратова.
Факультативтерде оқушылар зерттеу жүргізуге және жобалар дайындауға, командамен жұмыс істеуге, өз көзқарасын анық жеткізуге, фактілерді пайымдаулардан ажыратуға үйренеді. Оқушының танымдық және шығармашылық белсенділігін жүзеге асыру үшін виртуалды шынайылық, геймификация және жасанды интеллект қолданылады. Сонымен қатар әр бағдарламада мұғалімдер оқушыларға тарататын қосымша әдебиеттер мен интернет ресурстарының жеке тізімі бар.