Өңірлер

Бекшин қалада "омикрон" штамының бар-жоғын анықтау қалай жүріп жатқанын айтты

Сондай-ақ Бекшин "омикрон" штамы табылған Ресей мен Тайландтан келетін рейстерді тоқтату мәселесі де қарастырылмағанын жеткізді
Sputnik
АЛМАТЫ, 10 желтоқсан – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин "омикрон" штамының шетелдерде тарауына байланысты қалаға локдаун енгізу, шетелдермен әуе рейстерін тоқтату мәселесіне қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, "омикрон" штамының әлемде тарауына байланысты қалада жаңа локдаун әзірге енгізу жоспарда жоқ.
"Бізде "омикрон" штамының бір де бір жағдайы тіркелген жоқ, сондықтан бұл мәселе әлі талқыланған жоқ. Локдаун енгізуге қазір ешқандай себеп жоқ. Біз қазір коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймақта тұрмыз. Бұл мәселе қарастырылмады, аурушаңдық көбейсе, "қою қызыл" аймаққа кірсек қана бұл мәселе талқыланады", - деді Бекшин.
Сондай-ақ Бекшин "омикрон" штамы табылған Ресей мен Тайландтан келетін рейстерді тоқтату мәселесі де қарастырылмағанын жеткізді.
"Ресей Федерациясымен арадағы рейстер сол қалпында тұр. Себебі ресми деректер бойынша, Ресейде жиырма шақты жағдай тіркелген. Шетелден келген саяхатшылар талдауы зерттеліп жатыр. Сондықтан әуерейстерді жабу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Африка континентінде кең тараған штамды ескеріп, сол елдермен және Гонконгпен әуе рейстері тоқтатылды", - деді Бекшин.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалидің айтуынша, Алматыға шетелден келген азаматтардың коронавирус жұқтырғанына байланысты қандай да бір белгілері болса, олар арнайы дайындалған қонақүйге орналасады.
"Шетелден келген азаматтардың қандай да бір белгілері бар азаматтар қазір Astana International қонақүйіне орналастырылды. Егер ауру белгілері болмаса, ПТР тапсырғаннан кейін карантиннен шығарылады", - дейді Мырзағали.
Бекшиннің сөзінше, 200-ге жуық адам карантинде жатыр. Оның басым бөлігі 7 күндік үй карантиніне жіберілген.
"Қазір қала бойынша "омикрон" бойынша бақылау жүргізіп жатырмыз. 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына 53 сынама жібердік. Оның мақсаты – сол сынамаларда "омикрон" штамының бар-жоғын анықтау. Зерттеу ұзақ уақытқа созылады, оның нәтижесі 2-3 күнде дайын болуға тиіс. Сондықтан біздің елде анықталды ма, жоқ па, оны айта алмаймыз", - дейді Бекшин.
Оның сөзінше, "омикрон" штамының өзіндік белгілері бар. Балалар мен 20-30 жас аралығындағы аурушаңдық көбейсе, мұны зерттеусіз де айта аламыз.
Бірақ ол толық нәтиже болмайды. Алайда кейінгі екі аптада балалар мен жастардың арасында аурушаңдық өскені байқалмады, деді қаланың бас санитар дәрігері.

Оқи отырыңыз: