Қоғам

Билік діни экстремизммен комикс арқылы күресуге кірісті

Бұл комикстер негізінен түрлі діни фанатиктердің ықпалына түсіп қалуы мүмкін жастарға бағытталған
Sputnik
НҰРСҰЛТАН, 9 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізуге бағытталған алғашқы комикс әзірленді.
"MEIRMAN" атты комикс "Жусан" операциясы аясында елге оралған азаматтардың өмірі арқылы діни радикалды идеологияның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіреді, деп хабарлады ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
"Комикс форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Оның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу. Себебі экстремизмге төзбеуді мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажет", - деп жазылған министрлік сайтында.
Хабарламаға сәйкес, профилактикалық контент әзірлеу кезінде министрлік жастар арасындағы трендтерді пайдалану арқылы аудиторияның сұранысын ескеруге тырысқан.
"Комиксте Мейірман есімді баланың Сириядағы террористер белсенділігі артқан аймақта басынан өткізген қиындықтары туралы баяндалады. Мейірман өзінің табандылығы мен мықты рухының арқасында қиындықтар мен кедергілерді жеңе біліп, отбасымен қауышып, туған елі Қазақстанға қайта оралады да, өз жерінде ержетіп, беделді азаматқа айналады", - деп түсіндірді ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда экстремизмнің қаупі қандай – әлемдік рейтинг жарияланды 
Оқиға соңында бас кейіпкер Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері, соның ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың құндылығын атап көрсетеді.
"MEIRMAN" комиксімен TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ интернет-порталдарда танысуға болады.