НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Атырау облысында жүк пойызы 20 қой мен ешкіні қағып кетті. Сол үшін малдың иесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан көліктік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан пойыз 12 минуттай бөгеліп тұрды
© Photo : департамент полиции на транспорте
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 8 желтоқсанда Қиғаш-Атырау учаскесінің №15 жол айырығында болған. Жүк пойызының машинисі теміржолда жүрген малды көріп, шұғыл тежегіш басқан. Бірақ үлгермей қалды. Үй жануарлары тым жақын болған.
"Жүк пойызы 16 қой мен төрт ешкіні қағып өлтірген. Одан кейін 12 минуттай бөгеліп тұрды", - дейді департамент басшысының орынбасары Қалижан Қобландин.
Оқиға орнына Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің шұғыл тергеу тобы аттанып, малдың иесін тапты. Ол Аққыстау ауылының 61 жастағы тұрғыны болып шықты. Зейнеткер әйел әкімшілік жазаға тартылды.
"Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 559-бабы 1-бөлігі ("Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу") бойынша жазаға тартылып, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді", - дейді полицейлер.