Өңірлер

Арыста Дінмұхамед Қонаевтың бюсті ашылды

Дінмұхаммед Қонаевтың бюстін Арыс қаласының тумасы, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартқан
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 желтоқсан – Sputnik. Арыс қаласында Дінмұхамед Қонаевтың бюсті орнатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың бюсті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап орнатылды.
Дінмұхамед Қонаев бюстінің ашылуы
Бюсті ашу шарасына Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, мемлекет және қоғам қайтаркері Мұрат Әуезов пен Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Дияр Қонаев қатысты.
"Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1956 жылдың 31 шілдедегі жарлығымен Арыс – қала мәртебесіне ие болғаны белгілі. 65 жыл бұрын осы жарлықтың күшіне енуіне Дінмұхамед Ахметұлы айрықша ықпал еткені ақиқат. Біз бүгін ел игілігі үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында осындай салтанатты шарада бас қосып тұрмыз. Бұл біз үшін зор мәртебе", - деді Гүлжан Мамытқызы.
Дінмұхаммед Қонаевтың бюстін Арыс қаласының тумасы, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартқан.

Дінмұхаммед Қонаевтың өмірбаяны

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы Алматы қаласында туған. Қарапайым, шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Қонаев пен анасы Зәуре Шымболатова екеуі 70 жыл қиындықта да, қуанышта да бірге болған. Анасы 11 бала дүниеге әкелген, ал Дінмұхамед Ахметұлы отбасында үшінші бала, ұлдың ішінде тұңғышы.
1931-36 жылдар аралығында Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Оқуды тәмамдаған соң Балқаш мыс қорыту комбинатына бұрғылау станогының машинисі болып жұмысқа орналасады.
Дінмұхамед Қонаев 1937 жылы болашақ жары, татар қызы Зухра Шәріпқызын кездестіреді. Екеуі 1939 жылы шаңырақ көтерген.
Ол соғыс жылдарында үкімет басында қызмет етті. 1942-1952 жылы Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1952 жылы Қонаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды.
1955 жылы Қазақ КСР жоғары кеңесінің төрағасы болды. Бұл қызметті бес жыл атқарды. Бес жылдан кейін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келді. 1960-1986 жылдары осы қызметті атқарды.