НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратына қарай ағылған халықтың легі толастар емес. Адамдар кредитті кешіру туралы өтініш жазып, жәшікке тастап жатыр. Артынан соның бәрі агенттікке табысталады.
Тұрғындар кредиттік амнистия сұрап Алматыда қаржы нарығын реттеу агенттігінің алдына жиналды.
© Sputnik/Александр Мироглов
"Менің атым Гүзел, Қазақстан азаматымын. Бізге Ұлттық банк кредиттерді кешіріп жатыр деп айтты. Содан осында келдік. Арыз жазып, жәшікке тастап жатырмыз. Менде үлкен кредит бар. Көпбалалы анамын. Қарызды төлей алмай отырмын. Иә, фейк екенін естідік, енді Алла біледі. Осында келсін дегеннен кейін келдік", - дейді Гүзел.
"Қазір телефон арқылы кредит кешіріледі деген хабарлама тарап жатыр. Содан адамдар келіп жатыр. Менің әпкем де келді. Оның күйеуі жоқ. Үш баласын асырып отыр. Кредиттің жабылғанын қалайды. Осында келіп, арыз жазды. Проценттік мөлшерлемені алып тастауды сұрады. Қалғанын төлеуге дайын. Кейбір адамдар шынымен кредит жауып жатыр дейді. Бүгін бәрі өтірік деген хабар шықты", - дейді тағы бір әйел.
Ғимарат алдына шатырды агенттік мамандары тіккен көрінеді. Осылайша адамдарды қолайсыз ауа райынан қорғамақ болған.
Сағат 13:30-дың маңайында халық тарай бастады. Полиция ешкімді ұстап әкеткен жоқ.
Кредиттік рақымшылық туралы ақпарат фейк – агенттік
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
"Қазіргі уақытта Жанболат Мамай әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қарыздардың барлық түрлері бойынша "кредиттік рақымшылық" жарияланыпты-мыс деген дәйексіз ақпарат таратуды жалғастыруда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ж. Мамайдың бұл мәлімдемелері дәйексіз екенін және өзінің жеке саяси мақсаттарын іске асыру үшін азаматтарды адастыратынын мәлімдейді", - делінген ресми хабарламада.
Тұрғындар кредиттік амнистия сұрап Алматыда қаржы нарығын реттеу агенттігінің алдына жиналды.
© Sputnik/Александр Мироглов
Осы орайда агенттік ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының жалғасып жатқанын еске салды. Оған 2004 – 2009 жылдар аралығында теңгемен, сондай-ақ, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін валютамен ипотекалық қарыз алған халықтың әлеуметтік осал топтары қатыса алады.
Банктер алдымен берешегі бар адамның әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделейді. Соның негізінде қажетті қолдау шаралары қолға алынады. Бұдан бөлек, қазан айында берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілген болатын.
"Кредиттер бойынша мерзімін өткізу туындаған жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініші қаралып, проблемалық берешекті қайта құрылымдау талаптары ұсынылады", - дейді агенттік мамандары.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықты дәйексіз мәліметтерге сенбеуге және ресми әрі тексерілген дереккөздерден алынған ақпаратқа ғана құлақ асуға шақырды.