НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Ресей басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байден онлайн-келіссөз жүргізді, деп жазды РИА Новости.
Владимир Путин өзінің америкалық әріптесі Джо Байденге Мәскеуді алаңдатып отырған "қызыл сызық" пен қауіп туралы айтты. Ал АҚШ президенті Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуынан қауіптеніп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады Ресей басшының көмекшісі Юрий Ушаков.
Путин Байденге НАТО-ның шығысқа қарай ығысуы, Украина және Ресеймен шекаралас басқа елдің аумағында шабуылдауға арналған әскери техниканы орналастыру "қызыл сызықтан" асуды білдіретінін айтты.
Ресей президентінің көмекшісі атап өткендей, Путин америкалық әріптесіне Вашингтон Ресей аумағындағы Ресей әскеріне алаңдап отырған шақта Мәскеуді жаһандық деңгейдегі өз қауіпсіздігі мазалап отырғанын мәлімдеді.
Ушаков Ресей президентінің айтқандарын жеткізді.
"Путин сендер, яғни америкалықтар АҚШ-тан мыңдаған километр қашықтықта орналасқан Ресей аумағындағы біздің батальон алаңдатып отыр, ал бізді расында да өз қауіпсіздігіміз, жаһандық сипаттағы Ресей қауіпсіздігі алаңдатып отыр деді. Бұл онлайн-кездесуді қорытындылау кезінде Путин жасаған мәлімдеме", - деді ол.
Ушаков Украина аумағынан әскерді алып кету туралы сұраққа "Ресей армиясы өз аумағында тұр және ешкімге қауіп төндіріп тұрған жоқ, мұны президент те айтты" деп жауап берді.
Кремль өкілі атап өткендей, Путин Украина мен НАТО әскери күшті нығайтып жатқанына алаңдайтынын Байденге жеткізді.
"Осыған байланысты Путин Ресей қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және қалыпты дамуға жағдай жасайтын кепілдік және ол заң аясында кепілдік болуы қажет екенін айтты", - деді ол.
Байден ресейлік әріптесіне АҚШ одақтастары ортасында Ресейді алаңдатып отырған мәселелер жайын талқылауға уәде етті. Президенттер өз өкілдері мен көмекшілерін жұмылдыру арқылы осы мәселе бойынша талқылауды бастау туралы келісті.
Путин мен Байден сұхбаттың басым бөлігін Украина тақырыбына арнады, деп мәлімдеді Ушаков. Ресей басшысы Киев Минск келісімін орындамай отырғанын, келіссөз процесін әлі күнге дейін кейінге қалдырып жатқанын еске салды.
Ал Байден Украина шекарасына жақын маңда орналасқан Ресей әскері АҚШ пен НАТО-ны алаңдатып отырғанын жеткізді. Ушаковтың айтуынша, Ақ үй басшысы Украина төңірегіндегі жағдай одан әрі ушығатын болса, АҚШ ауқымды санкциялар дайындап жатқанын хабарлады. "Бұл экономикалық, қаржылық, саяси сипаттағы санкциялар және Украина айналасындағы жағдай одан әрі шиеленісе беретін болса, осы шектеулер қолданылады", - деп нақтылады президент көмекшісі.
"Байден ықтимал санкция шаралары туралы ескертті. Осы уақытқа дейін түрлі арна мен дереккөз арқылы бізге жеткен мәлімет айтылды. Бірақ ол президент деңгейіне лайық сипатта жеткізілді", - деді ол.
Ушаков Путин Украинаға әскер жібермеу туралы Байденге кепілдік берді ме деген сұрақты қисынсыз деп санап, мұндай мәселе тіпті айтылмағанын жеткізді. Ал осы айтылғанның барлығы Ресейге санкция қаупі төніп тұрмағанын білдіре ме деген сауалға, санкция енгізуге еш себеп жоқ екенін мәлімдеді.
Ушаковтың пікірінше, Путин мен Байденнің онлайн-саммиті ешқандай серпіліс алып келген жоқ, бірақ көшбасшылар одан әрі жұмыс істеуге және диалог жүргізуге дайын екендерін көрсетті.
Ол проблеманы шешу үшін Ресей мен АҚШ-қа ұзақ уақыт қажет болатынын айтты.
"Бір ай, тіпті бір жылда шешілуі қиын өте ауқымды проблемалар қордаланып қалды. Көре жатармыз", - деді ол.
Путин мен Байден диалогты тоқтатпау қажет екенін және олар бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу бойынша ерекше жауапкершілік жүктелгенін жақсы түсініп отыр, деді РФ президентінің көмекшісі. Екі ел лидері де қарым-қатынасты қалыпқа келтіріп, ынтымақтастықты дамыту керек деп санайды. "Бұл сұхбат кезіндегі преамбула болды", - деді Ушаков.
Байден Путинмен келіссөз кезінде дипломатиялық миссия жұмысындағы проблеманы, соның ішінде қызметкерлер санының жетіспеушілігі мәселесін қозғады.
"Мәскеудегі елші жұмыс істеу мүмкін емес екенін, дипломаттар жоқ екенін, елшілік пен оның өзін қорғайтын қаражат та тапшы екеніне шағымданғанын айтты", - деді Ушаков.
"Путин бұл осыдан бес жыл бұрын қандай да бір шектеулер енгізіп, ресейлік дипломаттарды елден шығарып, біздің дипломатиялық меншігімізді тартып алған АҚШ-тың, яғни сіздердің іс-әрекеттеріңіздің жемісі деп айтты", - деді Путин көмекшісі.
Байден алғашқы қадам ретінде бағалау жүргізу үшін тәркіленген дипломатиялық меншікке ресейлік дипломаттардың кіруіне рұқсат беру ықтималдылығын атап өтті.
"Олар тәркіленген біздің дипломатиялық меншік қандай күйде екенін жай ғана көру үшін баруы мүмкін", - деді Ушаков.
Екі мемлекет басшыларының келіссөзі 7 желтоқсанда онлайн форматта өтті және ол шамамен екі сағатқа созылды.
Кездесу қорытындысы бойынша, Ақ үйдің хабарлауынша, Байден Путинмен онлайн кездесу барысында Украина төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, оны дипломатиялық реттеуге шақырды және әскери шабуыл болған жағдайда Батыстың шешуші экономикалық және басқа да шара қолданатынын жеткізді.
Ресей Батыс пен Украинаның "агрессивті әрекеттерге" қатысты айыптауларын бірнеше рет жоққа шығарып, ешкімге қауіп төндірмейтінін және шабуыл жасауға ниеті жоқ екенін, ал "агрессия" жайлы мәлімдемелері Ресейге жақын аумаққа НАТО әскери техникасын кеңінен орналастыруға сылтау ретінде қолданылып отырғанын түсіндірді.