Іс-шараны Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі "Бақыт" сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
"Қолөнер шеберлерінің көрмесі жылына төрт рет өтеді: "Жауқазындар мезгілі" – 8 наурыз қарсаңында, "Жібек жолы" – мамырда, "Алтын алма" – қазанда және "Шығыс базар" – жаңа жыл қарсаңында. Әр жәрмеңкенің өз стилі, қайталанбас жәдігерлері бар", - дейді көрме ұйымдастырушысы Бақыт Әбдікәрім.
Көрермен назарына шеберлердің өз қолымен дайындаған кәдесыйлар, ұлттық киімдер, тұрмыста қажетті жабдықтар, сөмкелер, зергерлік және сәндік бұйымдар, киіз және жібектен дайындалған дүниелер, кенепке салынған суреттер, жаңа жылдық ойыншықтар ұсынылды.
Көрмеге Қарағандыдан Кузьмин отбасы келген. Ирина Кузьмина күйеуімен бірге "ыстық эмаль" техникасы бойынша жұмыс істейді. Олар сәнді бұйымдарды өздері ойлап тауып, өздері дайындайды және өздері сатады. 2018 жылы мұндай туындылардың бірі ЮНЕСКОН-ның халықаралық сапа белгісін иеленді.
Ирина Кузьмина күйеуімен бірге "ыстық эмаль" техникасы бойынша жұмыс істейді
© Sputnik / Тимур Батыршин
"Осы белгіні алу үшін әлемнің әр түкпіріндегі қолөнершілер екі жыл сайын өз жұмыстарын ұсынады. Біз өтінішті Қазақстан қолөнершілер одағы арқылы жолдадық. Бұйым "Кездесу" деп аталады: бұл алғашқы кездесу кезінде ұялып, бетін бүркеп тұрған бойжеткеннің бейнесі. Орамал мен шарф болмаса да, олар күлгенде аузын қолымен жаба қояды. Күйеуім Евгений өз жұмысында шығыс қыздарына тән осы қасиетті көрсеткісі келді. Бұл бұйым күмістен дайындалған", - деді Ирина Кузьмина.
Керамика шебері Дильшот Хакбердиев Өзбекстанның Ферғана алқабынан келген. Ол ағалары және әкесімен бірге саздан ыдыс жасайды, олардың отбасылық шеберханасы бар. Ыдыстардың дизайны, суреті мен кескіні бір-бірін қайталамайды. Ол ыдыс-аяққа бейнелейтін ою-өрнекке негізінен тарихи ескерткішердегі суреттер мен мозаикалар негіз болатынын айтты.
"Ыдыс алдымен көзеші ұршығында дайындалып, содан кейін ол ақ бояумен сырланады және 800 градус температурада күйдіріледі. Содан соң шебер бояумен сурет салып, үстінен түссіз бояу жағады. Содан кейін ыдысты тағы да пешке қояды. Бұл жолы температура 1000 градусты құрайды", - деп ол керамикалық ыдыс дайындау техникасын түсіндірді.
Керамика шебері Дильшот Хакбердиев Ферғанадан келген
© Sputnik / Тимур Батыршин