АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым Талас Омарбековтің қазасына байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жеделхат мәтінін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жариялады.
Президент Талас Омарбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың, әріптестері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталатынын айтып өтті.
"Ұзақ жыл бойы Абай атындағы Қазақ педагогика университетінде және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарған Талас Омарбекұлы отандық ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосты. Тәуелсіз Қазақ елінің жаңа тарихын қалыптастыруға сіңірген еңбегі орасан зор. Бүкіл түркі дүниесін, ұлтымыздың шежіресін, Орталық Азия халықтарының өркениетке бет алған көшпелі мәдениетін терең зерделеді", - делінген президенттің жеделхатында.
Белгілі қоғам қайраткері, ғалым-педагог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Талас Омарбеков 73 жасында дүниеден өтті.
Ол 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылында туған. Еңбек жолын туған жеріндегі орта мектепте мұғалім болып бастаған.
1980-2001 жылдары жоғары оқу орындары, тарих институттарында ғылыми-педагогикалық, шығармашылық қызметпен айналысты.
Ол 1929-31 жылдардағы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы Қазақстанда болған ұлт-азаттық қозғалыстары, 1931-1933 жылдардағы аштық зардаптарын алғаш рет терең зерттеді.
Талас Омарбековтің қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған 7 монографиясы мен кітаптары, 200-ден астам ғылыми еңбектері қалды.