"Екі ай істеп, сегіз жыл демаласың": болашағы бұлыңғыр жастар көбейіп барады

Қазақстанда жүздеген Telegram-арна арқылы есірткі сатылып жатады. Соның бірен-сараны ғана жабылып жатады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Бүгінде әлеуметтік желі  арқылы есірткі сататын жастар көбейіп барады. Еріктілер ғимаратың қасбетінде және үйдің кіреберісінде есірткіні жарнамалайтын граффитиді апта сайын өшіреді. Бұл туралы Жастар конгресінің "Есірткісіз болашақ" қорының директоры Жандос Ақтаев Sputnik Қазақстанның баспасөз орталығында өткен брифингте айтты. 
"Бізде Қазақстанның барлық аймағында өңірлік штаб бар. Олар есірткі жарнамасын өшірумен де айналасады. Ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының қасбетінде, кіреберістерде сан алуан граффити, QR-кодтар мен жапсырмаларды өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар. Ал ондай жазулар қалай болғанда да есірткі сату ресурстарына апарады. Басым бөлігі – Telegam-арналар, я болмаса, даркнеттегі сайттар. Біздің сарбаздарымыз ондай жарнаманы өшіріп тұрады", - дейді Ақтаев.
Нұр-Сұлтан қаласының өзінде еріктілер 200-ден астам графиттиді бояған. Бұдан бөлек, "Есірткісіз болашақ" қорының мүшелері құқық қорғау органдарына үш Telegam-арнаны бұғаттауға көмектесті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Орталық Азиядағы "ең ішкіш ел" атанды: Депутат Мыңбай дабыл қақты 
Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, биыл Қазақстан аумағында синтетикалық есірткіні таратумен айналысатын 400 Telegam-арна анықталды.
Өкінішке қарай, бүгінде жастар есірткі заттарын пайдаланып қана қоймай, оны сатуға және таратуға белсене атсалысып жатады. Сөйтіп жеңіл пайда табуға тырысады.
"Осы кәсіпке қатысты бір арсыз әзіл бар. "Жұмыс жеңіл: екі ай жұмыс істеп, сегіз жыл демаласың" дейді. Ол рас. Себебі Telegam-арналар мен дүкендер алдымен жастарды көптеп тартады да, артынан адам есірткіге тәуелді немесе қажетсіз болып қалса, оларды жемқорлыққа белшесінен батқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсыра салады. Сөйтіп ондай адамдар түрмеден бір-ақ шығады", - деп атап өтті Ақтаев.
Осы орайда қор басшысы ортақ жобаға қосылуға шақырды. Оны әлеуметтік желілерден #Esirtkisiz хэш-тегі арқылы табуға болады.