АЛМАТЫ, 7 желтоқсан — Sputnik. Ақмола облысында Екатеринбург-Алматы тасжолында болған жол апаты салдарынан 10 адам зардап шекті. 19 жастағы қыз аса ауыр хәлде жатыр.
Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері екі көлікпен соқтығысқан жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды 716.kz порталы.
"Toyota Highlander-дің 40 жастағы жүргізушісі жол шетінде тұрған Kia Rio-ны соқты. Рөлде 44 жастағы астаналық отырған. Соққы салдарынан бұл көлік тоқтап тұрған Toyota RAV4 көлігін соқты", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Он адам түрлі жарақат алды, екеуі кәмелеттік жасқа толмаған.
"Балалар стационарда ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты. 19 жастағы қыз аса ауыр хәлде", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Нариман Сыздықов.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі ("Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан көлікті басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптама тағайындалды.