Өңірлер

Жамбыл облысындағы дауыл қанша шығын әкелді

Қазір зақым келген мектептер, мәдениет үйлері, медициналық пункттер толығымен қалпына келтірілді
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облысындағы дауыл кезінде бүлінген әлеуметтік нысандарды жөндеуге 368 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы брифинг кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
17-18 қарашада Жамбыл облысында дауыл болып, көпқабатты үйлердің, мектеп пен балабақшалардың шатыры мен қоршауы қираған еді.
"Сол күндері жылдамдығы 22-38 м/с дауыл болды. Соның салдарынан 1200 нысанға зақым келді. Қазір басым бөлігі қалпына келтірілді. Олар көпқабатты жекеменшік тұрғын үйлер, 20-дан астам әлеуметтік нысандар. Көп бөлігін жергілікті кәсіпкерлер есебінен қалпына келтірдік. Күрделі зақым келген әлеуметтік нысандарға қосымша 368 миллион теңге қаржы бөлінді", - деді Жамбыл облысы әкімі.
Қазір зақым келген мектептер, мәдениет үйлері, медициналық пункттер толығымен қалпына келтірілді. 7 не 8 жекеменшік үйді осы аптаның аяғына дейін толық қалпына келтіреміз, деді Сапарбаев.

Жамбыл облысында дауыл соқты

17 қарашада Жамбыл облысында ауа райы күрт нашарлады. Осыған байланысты өңірде кейбір тас жолдар жабылды.
Таразда алапат дауыл көтеріліп, электр желілерді зақымдады, ағаштарды құлатты. Салдарынан тұрғын үйлерде жарық өшті.
Облыста қатты дауыл соққан кезде 17 жастағы бозбала үй шатырынан құлап, көз жұмды. 2004 жылғы бала қатты желден ұшып кеткен үй шатырын жөндеуге шыққан. Алайда ол дауыл кезінде үй шатырынан құлап, оқиға орнында жан тапсырды.
Марқұм Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқыған.
Содан кейін облыс әкімі қаза тапқан жасөспірімнің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: