НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнеркәсібін цифрландыру мәселесіне тоқталды.
"Отандық өнеркәсіпті цифрландыру белсенді жүргізіліп жатыр. Биыл Ақтоғай мен Жайрем тау-кен байыту комбинаттарында 4.0 индустриялық элементі қамтылған заманауи байыту фабрикалары іске қосылды. Солтүстік Қазақстан облысында Alageum Electric компаниясының төртінші электротехникалық зауыты жұмысын бастады. Бұл елдегі трансформатор өндірісін 40 процентке, яғни жылына 44 мың данаға арттырады. Оның жартысынан астамы экспортқа шығарылады. Бұл шамамен 25 мың дана. Сонымен қатар жылына 500 техника шығаруға қауқарлы Claas неміс компаниясының комбайны, тракторын құрастыру өндірісі жолға қойылды", - деді Тоқаев "Алтын сапа" президенттік премиясын табыстау рәсімі кезіндегі бейнеүндеуде.
Сонымен қатар ол медицина саласындағы табыстарға тоқталды.
"Біздің ғалымдар әлемде коронавирусқа қарсы вакцина өндірген санаулылардың қатарына енді. Отандық QazVac вакцинасының өндірісі үшін Жамбыл облысында халықаралық сапа стандартына сай келетін Орталық Азиядағы алғашқы биофармацевтикалық зауыт салынды", - деді президент.
Ол өзінің жолдауында 2025 жылға дейін қайта өңделетін өндіріс көлемін 1,5 есе, ал еңбек өнімділігін 30 процентке арттыру міндетін қойғанын еске салды.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда бұл көрсеткіштерге жетуге барлық жағдай мен мүмкіндік жасалып жатыр.