Қоғам

Тарихшы Талас Омарбеков дүниеден өтті

Ғалымның қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған 7 монографиясы мен кітаптары, 200-ден астам ғылыми еңбектері қалды
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 желтоқсан – Sputnik. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков 73 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды мәжіліс депутаты Айдос Сарым жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Алматыдан суыт хабар келіп жатыр... Қазақтың аса көрнекті тарихшысы, қоғам қайраткері, ұстазымыз Талас Омарбеков ағамыз дүниеден озыпты. Төбемізден жай түскендей болдық...", - деп жазды Сарым Facebook парақшасында.
Талас Омарбекұлы 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылында туған.
Еңбек жолын туған жеріндегі орта мектепте мұғалім болып бастаған.
1980-2001 жылдары жоғары оқу орындары, тарих институттарында ғылыми-педагогикалық, шығармашылық қызметпен айналысты.
2001 жылы Қазақ ұлттық университетіндегі ежелгі және ортағасырағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болды.
Ол 1929-31 жылдардағы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы Қазақстанда болған ұлт-азаттық қозғалыстары, 1931-1933 жылдардағы аштық зардаптарын алғаш рет терең зерттеді.
Талас Омарбековтің қазақ тарихының өзекті мәселелеріне арналған 7 монографиясы мен кітаптары, 200-ден астам ғылыми еңбектері қалды.
Талас Омарбеков Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің "Құрмет грамотасымен" екі рет марапатталған.

Оқи отырыңыз: