НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Колонияда жазасын өтеп жатқан ер адам 29 жылдан кейін өз анасымен қауышты, деп жазады OTYRAR басылымы.
Ата-анасы ажырасқанда, ол небәрі екі жаста болған. Туыстары анасымен араласуға тыйым салған. Оны әкесі тәрбиелеген.
Ер адам 29 жыл бойы анасын іздеп табуға тырысқан. Осы аралықта оның өмірінде көп өзгеріс болды: үйленді, балалары дүниеге келді, кейін ол қылмыс жасап, түрмеге түсті.
Сотталушы ИЧ 167/2 қатаң режимді колонияда жазасын өтеп жатыр, әлі 5 жыл отырады.
"Мен оны табуға тырыстым, бірақ ешқандай ақпарат болмады. Туыстарым оның қайда екенін менен жасырды, мен білген жоқпын. Түрмеге түскен соң, қызметкерлерден көмек сұрадым. Бірнеше айдан кейін ол табылды. Біз телефон арқылы сөйлестік, кездесуімізді күттік. Міне, бүгін мен оны көремін. Менің әйелім және екі балам бар, енді анаммен қауыштым", - дейді сотталушы.
Әйел қиын сәтте қасынан табылмағаны үшін ұлынан кешірім сұрады. Айтуынша, ол да осы жылдар бойы ұлын іздеген. Әйел баласының түрмеде отырғанына шошыған жоқ. Ең бастысы, ол аман, қалған қиындықты жеңуге болады.
Оқи отырыңыз: Әйел ұлымен 52 жылдан кейін қауышты
"Өмірде бәрі қателеседі! Мен ұлымды ешқашан айыптамаймын. Мен оны іздедім, бірақ туысқандары оған менімен араласуға тыйым салды. Өмір солай, қайтеміз, ешкімді кінәламаймын. Ең бастысы мен оны таптым", - дейді сотталушының анасы.
"Сотталушы бізден анасын табуды өтінді, біз барлық инстанцияға сұрау салдық, артынша жауабы келді. Анасын таптық, бүгін олар кездесті. Енді олар ешқашан ажырамайды деп үміттенемін", - дейді ИЧ 167/2 бастығы орынбасары Мағжан Сембек.
Бұл колонияда 700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр.