НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Шортандыдағы газ баллоны жарылысының кінәлілерін атады. Үйде жарылған газ баллоны салдарынан бес адам – екі әйел мен үш бала көз жұмған болатын.
"Үй иесі газ баллонын әкеліп пештің жанына орнатқан. Осылайша өз жақындарының өліміне себепші болды. Бұл оның бірінші кінәсі. Екіншіден, ол газ баллонын жанар-жағар май станциясында толтырып жүрген. Алайда бұған қатаң тыйым салынған", - дейді ол.
Сонымен қатар Ильин Абай шахтасындағы апатқа да тоқталды. Айтуынша, "Арселор Миталл Теміртау" кәсіпорнының тікелей кінәсі жоқ. Дегенмен осыдан екі апта бұрын ол басқаша айтқан болатын, деп хабарлады "Астана" арнасы
"Құрылғылар әлі жұмыс істеуге дайын болмаған. Кезекшілік алмасып жатқан уақыт болатын. Кәсіпорын бұл аумаққа жеткілікті түрде геологиялық барлау жүргізбегені үшін ғана кінәлі", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, жарылыс 16 қараша күні кешке Шортандыда болды. Тоғыз адам Нұр-Сұлтан қаласы мен елді мекеннің ауруханаларына жатқызылды.
Төрт бала жансақтау бөліміне түсті, екеуінің жағдайы өте ауыр болды – олар 20 және 22 қарашада көз жұмды.