НҰР-СҰЛТАН, 6 желтоқсан – Sputnik. Биыл төтенше жағдай салдарынан бір жарым мың адам жарақат алды. 722-сі қайтыс болды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 15,7 мың төтенше жағдай тіркеліп отырады.
"Жыл басынан бері 1 471 адам жарақат алды. Олардың ішінде 722 адам қайтыс болды. Өртте – 280 адам, суда - 389 адам, газ бен газ-ауа қоспасының жарылысы кезінде 13 адам, гидрометеорологиялық құбылыс салдарынан – 6 адам көз жұмды. Сондай-ақ, 7 адам уланып қалған", - деді Ильин мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдайлардан келген шығынның жалпы көлемі 7,9 миллиард теңгеге жетті. Төтенше жағдайлар қызметіне 6,6 миллион рет хабар түскен. Барлық ақпарат бойынша тиісті шаралар қолға алынды.
Ал балалар ата-анасының қарауынсыз қалғаннан кейін қайғылы жағдайға тап болады. Балалардың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмайды.
Осы орайда министр әкімдіктерге шомылатын жерлердің қауіпсіздік деңгейін көтеруді ұсынды. Бұдан бөлек, жыл бойы балаларды бассейндер мен аквапарктерде жүзуге үйреткен жөн.