Қоғам

Зейнетақы жинағының жеткілікті шегі: қанша қазақстандық ақшасын ала алады

Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады
Sputnik
АЛМАТЫ, 5 желтоқсан — Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы Жанат Құрманов 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін зейнетақы жинағының жеткілікті шегінің артуын түсіндірді. Ол шектен артық ақшаны қанша адам ала алатынын есептеп берді.
Бұл туралы БЖЗҚ басшысы "Хабар" телеарнасындағы "Ошақбаев LIVE" бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.
Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін 150 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Бұл азаматтардың үш санатының бірі ғана. Қалған екеуіне зейнеткерлер және зейнетақы аннуитетін алған адамдар кіреді. Ел бойынша барлығы 582 мың адам бар.
"Әдістемеге сәйкес азаматтардың үш санаты өздерінің зейнетақы жинағын пайдалана алады. Олар: зейнеткерлер, зейнетақы аннуитетін алғандар және қазіргі уақытта жұмыс істейтін және салым жеткілікті шектен асқан кезде ақшасын пайдалана алатын адамдар. Азаматтардың үшінші санатына ғана тоқталсақ, олардың саны 500 мың адамға жуық. Шектің көтерілуіне байланысты, бұл сан азаюы мүмкін, шамамен 150 мың адам болады", - деді Құрманов.
3 желтоқсанда Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шегі күрт өсетіні белгілі болды.
Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады.
Ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептеледі және болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) ескеріледі. Бұл ретте "Республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ең төменгі жеткілікті шек мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі, деп түсіндірді БЖЗҚ.
Алайда Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ-ның мұндай жауабына көптеген қазақстандықтың көңілі толмады.