НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Әлеуметтік желіде көлік төбесінде тұрған ер адамның видеосы пайда болды. Тәртіпсіздікке жол берген көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов айтты.
"Mercedes-Benz маркалы көліктің иесі анықталды. Ол 1987 жылы туған ер адам. Азамат жолаушылар тасымалы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жазды ол.
Енді көлік иесі 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде - 14585 теңге айыппұл төлейтін болады.
Әбдірахмановтың айтуынша, көліктің төбесінде отырған азаматқа қатысты тексеру жалғасып жатыр. Ол да жауапкершілікке тартылады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қарашада әлеуметтік желіде Алматыда көліктің төбесінде тұрып ән айтып, билеген ер адамның видеосы тарады. Полиция тәртіпсіздікке жол берген азаматты анықтауға кіріскен болатын.