НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан — Sputnik. Ақтөбеде Land Cruiser жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі оқушыны қағып кетті.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 3 желтоқсанда кешке болған.
"Land Cruiser Prado автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Пацаев көшесі бойымен Ақтөбе жедел медициналық жәрдем станциясына қарама-қарсы реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолында жаяу жүргіншіге жол бермеді. 2006 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кетті", - делінген ақпаратта.
Апат салдарынан жаяу жүргінші алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі ("жол қозғалысы ережелерін бұзу") бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ, 3 желтоқсанға қараған түні BMW тізгіндеген ақтөбелік бойжеткен автобус аялдамасына соғылған.
Зардап шеккен жүргізуші Ақтөбе жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.