НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Ең төменгі жеткілікті шек 2022 жылдан бастап өзгереді. Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады.
Әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептеледі және болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) ескеріледі. Бұл ретте "Республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады.
"Осыған байланысты ең төменгі жеткілікті шек мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі", - деп түсіндірді БЖЗҚ.
Сондай-ақ әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшерін анықтау кезінде Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы және Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер пайдаланылады.
"2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылы қазіргі 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өседі) 2022 жылға ең төменгі жеткілікті шек мөлшері де көбейтілді", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қаңтарында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енді. Ол азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берді.
Бұл құқықты зейнетақы жинағының сомасы ең төменгі жеткілікті шектен асатын салымшылар пайдалана алады.
2021 және 2022 жылдардағы шекті мөлшерлерді БЖЗҚ сайтынан көре аласыз.
2022 жылға есептелген жеткілікті шек: