НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан — Sputnik. Батыс Қазақстан облысында тасжолда екі көлік бетпе-бет соқтығысып, 23 жастағы әйел мен алты айлық қызы көптеген жарақат алды. Көп қан жоғалтқан сәби жансақтау бөліміне түсті, оның аяғын кесуге тура келді.
"Лада Ларгус" пен Hyundai Accent көліктері 1 желтоқсан сағат 19:00-де Орал-Тасқала жолының 46-шы шақырымында соқтығысқаны хабарланған болатын. Көліктердің бірін Теректі ауданы ауылдық полиция бөлімі бастығының орынбасары басқарған. Облыстық полиция департаменті жүргізуші мас болғанын растады.
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі әйел Бәйтерек аудандық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады.
"Жағдайы ауыр болғандықтан, сәбиге аудандық ауруханада ота жасалды. Бұл үшін санавиация желісімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан травмотолог-ортопед пен реаниматолог жеткізілді. Операциядан соң жағдайы тұрақтанды. Бұдан соң санавиациямен облыстық балалар ауруханасына апарды. Қазіргі уақытта сәби жансақтау бөлімінде жатыр. Ампутация жасалғандықтан, көп қан жоғалтты. Қан көлемі толықтырылуда. Екінші аяғы бірнеше жерден сынған", - деп жазады "Мой Город" порталы денсаулық басқармасына сілтеме жасап.
Баланың анасы облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақты, білек сүйегінің жабық сынуы, қол сүйектерінің жабық сынуы диагнозы қойылған.
Қазіргі уақытта полицей қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Осы апат салдарынан 51 жастағы әйел көз жұмған.