НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда ипотекаға сұраныс төмендеді. Оған "Баспана хит" бағдарламасының жабылуы мен үй бағасының қымбаттауы себеп, деп хабарлайды "Хабар 24".
Ұлттық банк ұсынған мәліметке сай, елдегі 20 банкке жасалған сауалнама нәтижесі үшінші тоқсанда ипотекалық өтінім саны 27% көбейгенін көрсетті. Алайда мақұлданған өтінімдер 17% азайған.
Бүгінде банктер клиенттің төлем қабілетін бағалауда скорингтік жүйені қолдана бастағанын еске салайық. Бұл да қарыз алу қарқынын тежеді. Десе де шарттарын жеңілдетіп жатқан ұйымдар да жоқ емес. Көбі кепілзат талаптарын қысқартып, жылдық үстеме пайызын азайтып жатыр.
Айта кетері, бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тұрғын үй бағасы қашан тұрақталатынын болжаған болатын. Оның айтуынша, құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындардың ашылуы баспана бағасының шарықтауын тоқтатады.
Министр тұрғын үй бағасы келесі жылы тұрақталатынын атап өтті.
"Менің болжамымша баға бір қалыпқа келеді. Қазір сұраныс болған соң құрылыс компаниялары үйді салып жатыр", - деп түйіндеді Бейбіт Атамқұлов.
Оқи отырыңыз: