Өңірлер

Жамбыл облысында ашық сабаққа дайындалмай келген мұғалім мектепті дүрліктірді

300 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Ал бәрін бүлдірген ұстаз түк болмағандай балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүріпті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облысында ашық сабаққа дайын болмаған мұғалім "білім ошағында бомба бар" деп полицияға хабар берген. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған.
Ал бәрін бүлдірген ұстаз түк болмағандай балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүріпті.
Шу ауданының жас мұғалімі басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай қулық ойлап тапқан, деп хабарлады КТК.
Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып ғимаратты тінтіп шыққан. Бірақ күдікті ештеңе табылмады. Есесіне жалған мәлімет берген азамат жылдам анықталды. Ол – мектептің 25 жастағы жас маманы болып шыққан. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қызметінен қуылды. Мұндай "қылжақбастарға" қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
"Шу ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталды, ол кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша күдікті ҚР ҚПК 128,131-баптарының талабына сәйкес Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды", - деді Шу ауданы ПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асхат Бақбергенов.
Оқи отырыңыз: