НҰР-СҰЛТАН, 1 желтоқсан – Sputnik. Елордада 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні 27 бала дүниеге келді, оның 16 - сы - қыз, 11-і-ұл бала, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Осымен 10 жыл қатарынан Нұр-Сұлтанда тұңғыш президент күніне орай 1 желтоқсанда дүниеге сәби әкелген әйелдерге құрмет көрсетіледі.
Тұңғыш президент күні дүниеге сәби әкелген әйелдерді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметкерлері құттықтады
© Photo : Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі
Тұңғыш президент күні туған сәбилердің аналарын қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов құттықтады.
Оларға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хаттар мен жаңа туған нәрестелерге балалар комбинезоны түріндегі сыйлықтар табыс етілді.
Нұр-Сұлтан қаласында 1 желтоқсанда дүниеге сәби әкелген әйелдерге құрмет көрсетіледі.
© Photo : Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі
"Сіздерді сәбидің дүниеге келуімен және 1 желтоқсан мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін сіздер үшін қос мереке. Сіздерге және балаларыңызға зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сәбилер еліміздің мақтанышы болып өссін", - деді Асхат Оралов.
Еске сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада "30 игі іс" ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтуде. Бұл эстафетадағы ең басты мақсат - қала мен оның тұрғындары үшін игі іс жасау.