НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша — Sputnik. Қазақстан коронавирустың жаңа штамы – "Омикронға" байланысты 3 желтоқсаннан бастап Мысырмен әуе қатынасын тоқтатады. "Туристік Қамқор" корпоративтік қорында туристерді елге қайтару амалдары туралы айтып берді.
Қор мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Мысырда 4 мыңға жуық қазақстандық турист бар.
"Олардың барлығы алдағы күндері Air Astana әуе компаниясының 23 репартация рейсімен Қазақстанға қайтарылады. Қазір Мысырда жүрген азаматтарға еш алаңдауға себеп жоқ және олардан барлық санитарлық талаптарды сақтауды сұраймыз. Мысырдағы жаңа жылдық турларды сатып алған туристер саяхаттайтын елді ауыстыра алады, сондай-ақ, әуе қатынасы қалпына келгенге дейін қаражатты депозитке салып немесе қайтарып алуларына болады", - деді қордың баспасөз қызметі.
Билеттерді қайтару 3 ай бойы жүргізіледі.
Егер Мысырға баратын билеттерді әуе компанияларының кассаларынан немесе сайттардан сатып алған болса, жолаушыларға жұмсалған қаражат қайтарылады, деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Ал егер билетті туроператорларынан немесе билет сату қызметін көрсететін басқа да сайттан сатып алған болса, онда билетті сатқан орынға жүгінуге тура келеді.
Қазақстан Египетпен әуе қатынасын тоқтатады
Қазақстан "Омикрон" штамының таралуына байланысты 3 желтоқсаннан бастап Египетпен әуе қатынасын тоқтатады.
"Бельгияда Мысырдан келген адамнан "Омикрон" штамының анықталғанын және Мысырдан келетін жолаушылар санын (қарашада 13 мыңнан астам адам) ескере отырып, Мысырмен әуе қатынасын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды", - деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов үкімет отырысында.
"Омикрон" штамы туралы не білеміз
29 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың "Омикрон" штамының одан әрі жаһандық деңгейде таралу ықтималдылығы жоғары екенін айтты.
ДДСҰ мемлекеттерге әлеуметтік және санитарлық талаптарды күшейтуге дайын болуды ұсынды. 30 қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда жаңа вирус түрі тіркелмеді.
Сарапшылар "Омикрон дельта-штамнан да қауіпті" деп санайды. Вирустың жаңа нұсқасында S-ақуыздағы 32 мутация бар. Оның көбі вирустың трансмиссивтілігі және вакциналарға төзімділігі жоғары екенін айқындап тұр.
Мамандар B.1.1.529 бастапқыда иммунитеті әлсіреген адамның ағзасында дамыған деген болжамымен бөлісті. Сонымен қатар коронавирустан толық айықпаған адам да жаңа штамның пайда болуына себеп болғаны туралы болжам айтылды.
Бірқатар мемлекет "Омикрон" штамы анықталған елдермен әуе қатынасын тоқтатты немесе шектеді.