Экономика

"ҚазМұнайГаз" бен "Татнефть" каучук өндіретін бірлескен кәсіпорын құрды

Жаңа өндіріс алаңында құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық, ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 700-ден астам жұмыс орны ашылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша — Sputnik. "ҚазМұнайГаз" және "Татнефть" бутадиен каучуктерін өндіретін бірлескен кәсіпорын құрды, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

2021 жылғы 30 қарашада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов "Бутадиен" ЖШС бірлескен кәсіпорны бойынша келісімге қол қойды. Осы құжат негізінде каучук өндіру жөніндегі жоба жүзеге асырылады.

Кәсіпорынның жоспарлы қуаты – жылына 180 мың тонна дейінгі бутадиен мен бутадиен каучуктерін өндіру. "Қазмұнайгаз" және "Татнефть" үлестері, сәйкесінше, 25% және 75%-ті құрайды. Алдын ала есептеу бойынша жоба құны 1 млрд АҚШ долларына жуық сомаға бағаланды. Тараптар жобаны қаржыландыру жолдарын, соның ішінде қарыз алу есебінен қаржыландыруды қарастыруда.       

Аталған кәсіпорын 2026 жылы Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймақ аумағында  іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс алаңында құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық, ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 700-ден астам жұмыс орны ашылады.

Бензин мен дизель тапшылығы қалай шешіледі

Шикізат Қазақстанның Теңіз және Королевское кен орындарынан жеткізіледі деп көзделуде. Дайын өнім Қарағанды облысындағы шина зауытына жөнелтіліп, Еуропа елдеріне, Ресей, Қытай, Түркия және басқа да мемлекеттерге экспортқа шығарылады деп жоспарланып отыр.    

"Біздің компания Даму стратегиясына сәйкес өндірілетін өнімнің қосымша құн тізбегін кеңейтуге ұмтылып, Қазақстан Республикасындағы мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып жатыр. "ҚазМұнайГаз" және "Татнефть" компанияларының бірлескен кәсіпорнынның құрылғаны бұған дәлел болып отыр. Жоба Қазақстан мен Татарстан арасындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ ел экономикасын әртараптандыруға септік ететініне сенімдімін", -  деп атап өтті Алик Айдарбаев.

Дизель отыны неге қымбаттап кетті - энергетика министрі түсіндірді

"Татнефть" компаниясының мұнай химия саласы бойынша үлкен жоспары бар. Бұл бағытта қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Біз үшін Қазақстан – стратегиялық серіктес ел. Қазірдің өзінде Қазақстанмен өзара іс-қимыл бойынша тәжірибеміз бар, атап айтқанда Қарағанды облысындағы шина шығаратын зауытты бірлесіп іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл Еуразиялық одаққа кіретін елдердің экономикалық интеграция стратегиясының жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Біз тағы бір мәрте Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына барынша қолайлы жағдайлар жасалғандығының куәсі болдық. Бутадиен каучуктерін өндіретін жаңа бірлескен кәсіпорын екі ел экономикасын нығайтуға және халықтардың әл-ауқатын артыруға септігін тигізетіндігіне сенемін", – деді Наиль Маганов.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 5 сәуірде "ҚазМұнайГаз" бен "Татнефть" арасында "Бутадиен" жобасы бойынша өзара іс-қимылдың негізгі шарттары бойынша келісімге қол қойылды. 2021 жылғы 28 сәуірде компаниялар жобаны іске асырудың Жол картасы мен шағын ауқымдағы шартқа қол қойды.