Оқиға

Түркістан облысында бір үйден төрт адамның мәйіті табылды

Қайтыс болғандардың арасында жас бала да бар. Оқиға орнына барған құтқарушылар қайғылы жағдайдың алдын ала себебін анықтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Түркістан облысындағы Ұшқын ауылында бір үйде төрт бірдей адам қайтыс болды. Олардың арасында жас бала да бар.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сәйкес, трагедия 28 қараша күні болған. Күндіз сағат 12:30-дың шамасында жергілікті тұрғындар жеке меншік үйде төрт адамның қайтыс болғанын хабарлады. Екі ер адам, бір әйел және 3-4 жасар бала.

Оқиға орнына барған құтқарушылар қайғылы жағдайдың алдын ала себебін анықтады. Төрт адам да иіс тиіп уланған. Үйдің иесі ескі пешті бұзып, табиғи газбен жағатындай етіп қайта салған.

"Иіс газды "үнсіз жан алғыш" деп атайды. Себебі көзге көрінбейді, иісі де жоқ. Адам онымен бірнеше рет дем алса, өліп кетуі мүмкін. Ол қанға барғаннан кейін ағзаға оттегі тарататын гемоглабинді бұғаттап тастайды. Содан адам иіс тиіс уланады", - дейді құтқарушылар.

Ауада иіс газының мөлшері 0,1% болса, адам бір сағат ішінде қайтыс болады. Ал 0,5%-ке артқан жағдайда 20 минутта өлімге әкеп соқтырады.