Қоғам

Нұр-Сұлтанда бассейнде қыз батып кетті – сот үкімі шықты

Отырыс кезінде прокурор айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленушілер 8 жылды талап етті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Сарыарқа аудандық сотында "Астана" спорт кешенінің инструкторына қатысты үкім шығарылды. Ол қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін және абайсызда адам өліміне әкеліп соққан сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыпталған болатын.

Істі тоқтатуға өтініш жасады

Сот материалдарына сәйкес, Т.есімді ер адам "Астана" спорт кешенінде жүзуден инструктор болып істеп жүргенде бассейнге келушілердің қауіпсіздігі бойынша өз міндетін дұрыс атқармаған. Соның салдарынан Е. есімді қыз суға батып кетті.

Айыпталушы болса, өз кінәсін мойындады. Өз әрекетінде қылмыстық құрамның болмағанын айтып, істі тоқтатуға өтініш жасады. Судья жазаны жеңілдететін бір жайтты ескерді. Айыпталушы суға батып кеткен қызға медициналық көмек көрсеткен.

Судьяның соңғы сөзі

"Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-бөлігіне сай қылмыстық құқықбұзушылықтар абайсызда жасалатын қылмыстарға жатады. Ондай әрекеттер үшін 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Абайсызда жасалатын қылмыстар бойынша жаза қауіпсіздік деңгейі төмен мекемелерде өтеледі. Ал жазаны жеңілделетін жайттар болса, жазаның мерзімі ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауға тиіс. Осы іс бойынша жаза 4 жылдан аспауы қажет", - делінген сот шешімінде.

Осылайша, бассейннің бұрынғы инструкторы төрт жылға сотталды. Ал бассейн иесі – "Арнайы қамтамасыз ету орталығы" ЖШС моральдық шығын ретінде жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге төледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайғылы оқиға

Биыл 16 қаңтарда "Астана" спорт кешенінде 21 жастағы қыз суға батып кетті. Спорт кешенінің жаттықтырушысы бассейнде қимылсыз жатқан қызды көрген. Оны судан шығарып, жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасаған. Бірақ нәтиже болмаған.

Оқиға орнына келген медициналық көмек қызметкерлері қыздың көз жұмғанын анықтады. Ол суға батқан кезде бассейнде тағы төрт адам жүрген.

Марқұм бассейнге бір реттік абонемент сатып алу арқылы барғаны белгілі болды.