Өңірлер

Ақтөбе облысында жапан далада жоғалған төрт геолог табылды

Геологтар екі күн бұрын жоғалған, іздестіру жұмыстарына тікұшақ тартылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында екі күн бұрын жоғалған төрт геолог "Қисықсай" қыстағынан табылды.

"14.50-де жоғалғандар байланысқа шықты. Олар "Қисықсай" қыстағында болған. Оларға медициналық көмек қажет емес", - деп хабарлады Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Қазіргі уақытта құтқарушылар төрт геологты Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылына апара жатыр.

Еске сала кетсек, 25 қараша сағат 10.30 шамасында геологтар "УАЗ" көлігімен Қарабұтақ - Талдық - Қайыңды – Қайрақты бағыты бойынша жолға шыққан. Олар соңғы рет бейсенбі сағат 18.00-де байланысқа шығады, ол кезде олар Талдық ауылына бара жатқан.

Жоғалғандарды 33 құтқарушыдан тұратын бес топ іздеді. Іздеу жұмыстарына тікұшақ тартылды.