НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Ресейлік құтқарушылар Кузбасстағы "Листвяжная" шахтасында 52 адам қайтыс болғанын растады. Шахтада қалып қойған 46 кенші мен 6 құтқарушы көз жұмды.
"Листвяжная" шахтасындағы трагедия 25 қарашада таңғы уақытта болған. Жер астында метан жарылып, шахтаны көк түтін алып кетті. Сол кезде 285 адам жұмыс істеп жатқан.
"База" Телеграм-арнасы аман қалған кеншілермен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын білді.
"Бізде бірінші ауысым болған. Жұмысқа келгенде түтін басқанын көрдік. Екінші вахтаның жігіттері біздің алдымызда біршама тереңдікке түсіп кетті. Біреу шала-жансар күйде, енді біреуді қолтықтап алып шығып жатқан", - деді бір кенші.
Оның айтуынша, бір сағат ішінде көмекке өрт сөндірушілерден басқа ешкім келмеген. Кеншілер болса, әріптестерін өз күшімен құтқаруға тырысқан.
"Жерді сипалап жүріп, жігіттерді шығарды. Іште қалғандардың аман қалуы екіталай. Ол жерде ауа жоқ қой. Түнгі ауысымнан шыққандар жарылыс кезінде шлюздар опырылып қалды деп айтқан. Бүкіл жерді түтін алып кетті. Дем алу қиын, газ өте көп болды. Ондайда бәрібір көмір кесуге мәжбүрлейді", - дейді ер адам.
Жердің үстінде болғандар жарылысты естіген жоқ. Ал астында жүрген кеншілер жарылыстан кейін екпінді толқынның көтерілгенін айтты. Одан кейін көк түтін көтеріліп кетті. Түк көрінбей қалды.
"Екпінді толқынның қатты болғаны сонша, кейбір кеншілер құлап түсті. Біз жүгіріп барып, "Құтқарушыға" ("Шахталық өзін-өзін құтқару құралы" - жерасты апаттар кезінде кеншілердің жеке қорғану құралы, онымен біршама уақыт дем алуға болады – Sputnik) қосылуға тырыстық. Мен үлгермей қалдым. Содан есімнен танып қалдым. Есімді жисам, жанымда бір адам жатыр. Мен бірден "Құтқарушы" арқылы дем ала бастадым. Тау-кен шеберінің даусын да естідім. "Жатпаңдар, тұрыңдар!" деп айқайлап, әрбіреуімізді түртіп жүрді. Ол да шыға алмай қалды. "Құтқарушы" 300 минутқа жетеді ғой, бірақ жүре берсең, 60 минутқа көмектеседі", - дейді тағы бір кенші.
Жарылыстан кейін 38 кенші ауруханаға түсті. Одан кейін тағы 11 құтқарушы жеткізілді. Біреуі бас жарақатын алды.
Кемерово облысының губернаторы Сергей Цивилевтың айтуынша, "Листвяжная" шахтасындағы метан табиғи жолмен таралуы қажет. Оған үш күндей кетеді. 25 қарашада құтқару операциясы тоқтатылды. Өйткені бірнеше құтқарушы қаза болды.
Төтенше жағдайдан кейін шахта директоры, оның бірінші орынбасары және учаске бастығы ұсталды. Олар өндірістік қауіпсіздік талабын бұзғаны үшін айыпталып отыр.