Оқиға

Шортандыда газ баллоны жарылысынан зардап шеккен отбасыларға пәтер беріледі

Қазіргі таңда қайғылы оқиғадан зардап шеккен жеті адам ауруханада жатыр
Sputnik

КӨКШЕТАУ, 26 қараша – Sputnik. Шортандыда газ баллоны жарылысынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға әкімдік 30 миллион теңге бөлді, деп хабарлады Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

"Бұл үйдегі үш пәтер де жарамсыз болып қалды. Біз оларды тез арада қоныстандырдық. Сонымен қатар ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бүгін біз пәтер сатып алуға 30 миллион теңге бөлдік", - деді Маржықпаев брифингте.  

Сондай-ақ ол Көкшетаудағы "Науан хазірет" мешіті қайырымдылық мақсатында шұғыл қаражат жинап жатқанын еске салды. Бүгінгі таңда 13 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл ақша зардап шеккендердің еміне, өмірге қажеттінің барлығын – тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешек,   ыдыс-аяқ және т.б. сатып алуға жұмсалады. Ақша жинау жалғасып жатыр.

Әкім оқиғаның мән-жайын жедел штаб анықтап жатқанын, полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастағанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, жарылыс 16 қараша күні кешке Шортандыда болды. Тоғыз адам Нұр-Сұлтан қаласы мен елді мекеннің ауруханаларына жатқызылды.

Төрт бала жансақтау бөліміне түсті, екеуінің жағдайы өте ауыр болды – олар 20 және 22 қарашада көз жұмды. Қазіргі таңда жеті адам ауруханада жатыр.

Оқи отырыңыз: