Қоғам

"Балалар Евровидениесі – 2021": Қазақстан атынан екі жас әнші өнер көрсетеді

Sputnik Қазақстан жас музыканттардың ата-анасымен сөйлесіп, биыл қазақстандықтардың кім үшін жанкүйер болатыны туралы толығырақ білді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 қараша – Sputnik, Алина Шашкина. Қазақстан атынан "Балалар Евровидениесі – 2021" байқауына екі орындаушы – Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин қатысады. Бекнұр – ерекше қажеттілігі бар бала.

Тоғыз жасар Бекнұр

Бекнұр Жәнібекұлы тоғыз жаста. Ол – Қазақстан азаматы, бірақ қазір Страсбургте (Франция) тұрады. Ол көптен бері ән айтуға қызығады, алайда вокалмен 2020 жылдың жазында кәсіби түрде айналыса бастады.

Бекнұр жалпы білім беретін мектепте оқиды және вокалмен мұғаліммен бірге айналысады. Ол The FatRat тобын ұнатады.

"Балалар Евровидениесі" байқауының іріктеу турына қатысу туралы ұсынысты баланың әкесі тастаған.

"Іріктеу кезеңіне қатысу туралы әкесі ұсыныс айтты. Әкесі Бекнұрды үнемі қолдайды және оған сенеді. Бізде көптеген кәсіби музыканттар оның дауысы керемет екенін, музыкамен тұрақты айналысу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Бекнұр әкесімен бірге жыл сайын "Балалар Евровидениесі" байқауын көреді, Қазақстанға дауыс береді. Алайда бізге біреу Бекнұрдың өзі сол байқауға қатысады десе сенбес едік", - дейді Бекнұрдың анасы Зәуре Бектемісова.

Оның сөзінше, ұлы мектептегі сабақтар мен байқауға дайындық арасында тепе-теңдікті сақтайды. Жас орындаушы ғылымға құмар.

"Бекнұр ғылымды жақсы көреді. Бізге ол инженер немесе биолог болатындай көрінеді. Оған бәрінің қалай жасалғаны қызық. Ол үнемі google-ді ашып, әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отырады. Сырттай кішкентай болып көрінгенімен, іштей өте саналы адам", - дейді Зәуре Бектемісова.

Бекнұр ауқымды музыкалық байқауларға қатыспаған, бірақ ол өзінің "Балалар Евровидениесі" байқауында жеңіске жеткісі келетінін айтты. Ол өзі жайлы сөз қозғағанда сыртқы ерекшелігі ғана емес, таланты туралы айтқанды қалайды.

"Біз үшін бұл үлкен тәжірибе. Біз не болып жатқанына әлі толық сене алмай отырмыз", - дейді Бекнұрдың анасы.

Әлинұр өнер мектебінде оқиды

Әлинұр Хамзин Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген, ол 11 жаста. Ол вокалмен бес жасынан бастап айналысады. Сегіз жасқа келгенде ата-анасы Әлиханды өнер мектебіне берген. Ол қазір "Хор және фортепиано" мамандығы бойынша 4-сыныпта оқиды.

Әлинұр Димаш Құдайбергенмен дуэтте ән айтуды армандайды. Әлинұрдың әкесі Азамат Асылбековтің айтуынша, Димаш – ұлының кумирі. Ол да Димаш сияқты өзін музыкаға арнап, атақты әнші болғысы келеді.

Әлинұр Хамзиннің отбасы "Балалар Евровидениесі" туралы көптен бері біледі. Олар 2018 жылдан бері басқа қатысушылардың өнерін бақылаған.

"Біз байқауға қатысу туралы былтыр өтінім бердік, бірақ өтпедік. Кейін өтінімді қате бергенімізді білдік. Содан кейін байқаудың басталуын асыға күтіп, қайта өтінім бердік. Мұны мұғалімі ұсынды, Әлинұрдың да қатысқысы келді", - деді Азамат Асылбеков.

Әлинұр – "Бала дауысы – 2018" байқауының финалисі, "Славянский базар – 2021" ұлттық іріктеудің финалисі, "Бақытты бала – 2021" байқауына қатысқан. Ташкенттегі "Шығыс раушаны" байқауында әнші бас жүлдені алған

Алғаш рет байқауға дуэт қатысады

Қазақстан 2018 жылдан бастап "Балалар Евровидениесі" байқауына тек жеке әншілерді жіберді. Биыл Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин ұлттық іріктеу кезінде тең ұпай жинады. Артынша музыкалық байқауда олар композицияны бірге орындайды деген шешім қабылданды.

Жас орындаушылар дуэт болып ән салады. Олар іріктеу кезеңінде Әлинұр орындаған "Ертегі әлемі" композициясын сахнаға алып шығады. Әннің біраз бөлігін өңдейді, кей сөздер француз тіліне аударылады.

"Ән дайын болды, бірақ оны әлі шығарған жоқ. Өзіміз де күтіп отырмыз. Қандай нөмірді сахнаға алып шығатыны да әлі белгісіз. Бірақ басты идея – антибуллинг, достықты қолдау болатынын білеміз. Бұл үлкен сұранысқа ие, ал біздің жағдайымызды өте өзекті", - деді Бекнұрдың анасы Зәуре Бектемісова.

Ата-аналардың сөзінше екі ұлдың қарым-қатынасы өте жақсы.

"Әлинұр бірден өзін үлкен аға секілді көрсетті. Барлық жерді оған көрсетіп жүр. Олар Қазақстан атынан бір ортақ әнді орындайды, егер жеңіске жетсе, жеңіс те ортақ болады. Осылай болғаны үшін қуаныштымыз. Бірге қорқынышты емес", - деп толықтырды Зәуре.

Бейнебаян жалпы ұлттық іріктеуден кейін бірден түсірілді. Қазір екі орындаушы байқауға қашықтан дайындалып жатыр. Әлинұр – Оралда, Бекнұр – Страсбургте. 19 желтоқсанда олар "Балалар Евровидение – 2021"байқауының финалында Парижде бір сахнада кездеседі.

"Балалар Евровидениесі" байқауындағы Қазақстанның жетістігі

Музыкалық байқау тарихында Қазақстанның жас орындаушылары жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақстан алғаш рет байқауға 2018 жылы қатысты. Сол жылы Қазақстан атынан байқауға Данэлия Төлешова "Өзіңе сен" әнімен қатысып, алтыншы орын алды.

Кейіннен ол бірнеше халықаралық шоуға қатысты, онда да көпшіліктің сүйіспеншілігі мен назарына ие болды. Оның видеолары миллиондаған қаралым жинады.

2019 жылы Ержан Максим "Арманыңнан қалма" әнімен екінші орынды иеленді.

Оның алдында Ержан Максим ресейлік "Бірінші арнада" "Голос.Дети" байқауына қатысқан. Бастапқыда Ержанның екінші орын алғаны айтылды, бірінші орынды берілген дауыс арқылы Микелла Абрамова – әнші Алсудың қызы алды. Кейіннен олар дауысты өздері жинағаны белгілі болды.

"Балалар Евровидениесінің" тағы бір жұлдызы – 12 жасар Қарақат Башанова. Ол байқауда 2020 жылы екінші орын алды.

Сахнаға ол періште бейнесінде шықты. Ол өзінің қайтыс болған әкесіне арналған әнді орындады. Әннің авторы – композитор Хамит Шанғалиев. Ол содан бір жыл бұрын Ержан Максим байқауда орындаған әнді жазған.